
Алматы облысы Қапшағай қалалық ішкі істер бөлімі криминалдық полицияның аға жедел уәкілі Азамат Тоқшарановқа қатысты сот үкімі шықты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыс сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шешімді қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сот шығарды. 32 жастағы Азамат Тоқшаранов ҚР ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігі («Пара алу») және 297-бабының 3-бөлігі («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу») бойынша сотқа берілді. «Сот шешіміне сәйкес, Азамат Тоқшаранов 8 жыл бас бостандығынан айырылды. Ол өмірінің соңына дейін мемлекеттік қызметке тұра алмады және жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді», — деп хабарлады облыс баспасөз қызметіндегілер. Сонымен қатар, ол ҚР ҚК-нің 49-бабының 1-бөлігіне сәйкес «полиция мойоры» шенінен айырылды. Бұрындары оның басшысы Ерлан Әлібаев та пара алғаны үшін ұсталып, 90 мың теңге айыппұл арқалаған.