
Қызылордада героин сатқан үш әйел сотталды, деп хабарлайды облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінен.
«Есірткіге тәуелді үш жас әйел — Есетова Гүлмира, Тоқмырзаева Жанар және Айдарова Гүлвира аса ірі мөлшердегі есірткіні өткізу мақсатында заңсыз иемденіп, сақтап, тасымалдап, өткізіп, аса ауыр санаттағы қылмысты жасаған.
Атап айтқанда, Г.Есетова 2016 жылдың қаңтар айында сыбайласы Г.Айдаровамен бірге Шымкент қаласына барып, бұрын абақтыда бірге отырған сыбайласынан 50 грамм, яғни аса ірі мөлшердегі «героин» есірткі затын өткізу мақсатында сатып алып, Қызылорда қаласына әкеледі. Г.Айдарова, Ж.Тоқмырзаева және Г.Есетова үшеуі есірткіні өткізу мақсатында бөлек-бөлек фольгаға орамдап (чектеп), сатуға дайындаған. Ал героиннің орамдалмаған бір бөлігін үшеуі бірге сол үйде отырып, арнайы медициналық ерітіндімен араластырып, тамырларына медициналық шприцпен егу арқылы қолданған.
Бұдан әрі жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген. 27.01.2016 жылы жергілікті уақытпен 12 сағат 40 минут шамасында Г.Айдарова, Ж.Тоқмырзаева және Г.Есетова үшеуі бірлесіп, Есетованың үйінде отырған кезде үйге келген есірткі сатып алушыға фольгаға орамдалған (1 чек), жалпы салмағы 0,14 грамм героинді 5000 теңгеге сатқан. Сотталушылардың барлық әрекеттері камераға түсірілген.
Тінту жүргізу барысында Ж.Тоқмырзаеваның қалтасынан шыққан әмиянның ішінен 4 бөлек фольгаға оралған, жалпы салмағы 1,42 грамм героин есірткі заты табылған. Одан басқа, айғақ зат ретінде электронды таразы, медициналық шприцтер, фольга қағаздар алынған.
Сөйтіп, үш сотталушы әйел, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, аса ірі мөлшердегі есірткіні өткізу мақсатында заңсыз иемденіп, сақтап, тасымалдап, өткізген, яғни ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 1,3-тармақтарында көрсетілген аса ауыр қылмысты жасаған.
Үш әйелдің екеуі бұрын есірткі заттарды өткізген үшін сотты болған, үшеуі де есірткіге тәуелді.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушылар Есетова Гүлмира, Тоқмырзаева Жанар, Айдарова Гүлвира ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 1,3-тармақтарымен кінәлі деп танылып, мүлкілері тәркіленіп, әрқайсысы 10 жылдан бас бостандығынан айырылды, жазаларын жалпы режимдегі түзеу колонияда өтеу белгіленді.
Одан басқа оларға жаза өтеу орындарында нашақорлықтан еріксіз емдеу тағайындалды.
ҚазАқпарат