
Танымал тележүргізуші, актер Нұрлан Қоянбаевтың жары – Айгерім Қоянбаеваның сырлы сұқбатын назарларыңызға ұсынамыз.
-Хабарласқанымда «кешке дейін босамаймын» дедіңіз. Жұмысыңыз сондай қауырт па? Сізді көпшілік Нұрлан Қоянбаевтың жары ретінде таниды? Жалпы өзіңіз немен айналысасыз?
-Мен үй шаруасындағы әйелмін. Үйде бала-шағаның және солардың әкелерінің күтімімен айналысамын. Өйткені отағасы жұмыс істегенімді қаламайды. Сондықтан отбасының шаруалары, балалардың тәрбиесі менің мойнымда… Мен жұмыс істеп те үлгермедім. Себебі 2008 жылы оқуымды тәмамдап, диплом ала салып, бір айдан соң тұрмысқа шықтым.
-Негізі қандай салада білім алып едіңіз?
-Мен Алматы қаласындғаы Қазақ Аграрлық Университетінде оқыдым. Мамандығым – «Өнімдерді сертификаттау стандарты». Бірақ дипломым сол күйі қалды (күліп). Ол сала бойынша мүлде жұмыс істеген жоқпын.
-Дегенмен істеп көргіңіз келмей ме? Дипломыңызды кәдеге жаратып…
-Жоқ, мамандығым бойынша жұмыс істеуді аса қаламаймын. Басқа салада көргім келеді.
-Мысалы қандай?
-Мысалы…Көп енді. Шоу-бизнеске баруды мүлде ойламаймын. Үйде бір адам жетеді. Шынымды айтсам, жеке кәсіппен айналысқым келеді.
-Көпшілікке қызық болар, Нұрлан мырзамен қалай танысқан едіңіздер?
-(күліп) Осы сұрақ жиі қойылады. Әлеуметтік желіде тікелей эфир қосқан сайын осы сұрақты естимін. 2004 жылы көктемнің аяғында таныстық. Ол кісі 2000 жылдан бері «Шатақханадан», «Қызық радиосынан», КВН-нан шығып жүрген адам ғой. Бірақ ол кісі туралы көп білмеген екенмін. Екеуміз алғаш рет мейрамханада танысқан болатынбыз. Жалпы мен біреумен танысып, сөйлескім келсе, қысылмай, жанына келіп, тілдесе беремін. Неге таныспасқа? Көбісі ұялып жатады ғой. Менде ондай жоқ (күліп). Мен өзім ол кісіге келіп, «Біздің университетімізде оқисыз ба?» деп сұрадым. Ол күлді де «Жоқ» деп жауап берді. Әл-Фараби атындағы Қызық Ұлттық Университетінде оқыған. Басқа ешқандай бұл кісіге деген қызығушылығым болмаған. Жай, біздің университетте оқи ма, жоқ па, соны білгім келді. Сөйтсем, біздің оқу орнының проректорының орынбасары екен. Бірақ танысқан кезде оны айтпады (күліп). Кейінірек білдім. Сонымен біз 2004 жылы мамыр айында таныстық. Ол кісінің уақыты өте тығыз, жұмысы қауырт болатын. Танысқан кезде телефонымды жазып алды. Бір аптадан соң хабарласамын деді. Сөйтіп бір аптадан кейін қоңырау шалды. Шыны керек, ол кісімен танысқаным есімнен шығып кетіпті (күліп). Ол «Мен – Нұрлан ғой» дейді, мен «Қай Нұрлан еді?» деп бірнеше секунд тұрдым. Әйтіп-бүйтіп есіме түсірдім. Осылай 4 жыл бойы араласып, 2008 жылы үйлендік.
-Сізді ол кісінің қандай қасиеттері баурап алды?
-Шыны керек, мен жай ғана келіп таныстым, сұрадым. Бірақ болашақта бірге боламын-ау, тұрмысқа шығамын-ау деген ойлар болмапты. Ол кісі керемет адам деп айта аламын, өте ақкөңіл, мейірімді. Бірақ сол мінезінің кесірінен көп таяқ жеп жатады. Көбінесе айтып отырамын, себебі шоу-бизнесте кішкене қаттылау болған дұрыс. Әзілқой, ол жағынан кейде бір-бірімізден қалыспаймыз десем де болады. Және екеуміздің қызығушылықтарымыз, жақсы көретін дүниелеріміз, көзқарасымыз ортақ болып жатады.
-Нұрлан мырзаның әзілге жақын екенін білеміз. Және оны өте орынды қолданады, жеткізе біледі…
-Бірақ ол кісі өмірде олай көп қалжыңдаса бермейді. Енді жасы да қырыққа келіп қалды ғой. Қазір салмақтылау. Жұмыстан шаршап келеді, көп қалжың айтуға да шамасы болмайды. Кейде «Түнгі студияның» түсірілімі түнгі 12-ге дейін жүріп жатады. Үйге келген соң тез-тез тамағымызды ішіп, ұйқыға жатамыз. Оның үстіне қазір штаттық қызметке ауысты. Ерте тұрып, таңғы асын ішіп, жұмысқа кетеді. Кеш келеді. Өздеріңіз белісіздер, кино түсірді. Отбасылық отырыстар демалыс күндері ғана болады.
-Келін болып түскен кезіңізді еске алыңызшы. Ерте тұру, үйдің барлық шаруасын атқару т.б. қиындық тудырмады ма?
-Ол кісі сонша қатты ұнатқаны ма, білмеймін, араласа бастағанымызға бір айдай уақыт болғанда, ата-анасымен таныстырды. 25 жасқа толған туған күні еді. Ол кісілерге ұнаппын (күліп). Қыз-жігіт болып жүрген 4 жылда ата-анасымен де араласып тұратынмын. Жақсы қарым-қатынаста болдық. Ал келін боп түскеннен кейін сіз айтқан қиындықтар, әрине болды. Өзім жаспын, үйімде қатты ерке болдым демей-ақ қояйын, бірақ анам бізді ерте тұруға мәжбүрлемейтін. Мен көбіне ас әзірлеумен айналыстым. Ал қалған шаруаның барлығын анам, әпкем атқаратын. Сондықтан тұрмысқа шыққанда алғашқы кездерде сәл қиындау болды. Қанша дегенмен бөтен үй, жассың, аса қатты үй шаруасымен айналысып көрмегенсің дегендей… Бірақ тырыстым. Әрі енем де көмектесіп, білмегенімді айтып, үйретіп отырды. Және біз үйленгеннен соң көп ұзамай Францияға кеттік. «Намыс дода» сайысы болды, Нұрекең соны жүргізді ғой. Біз сонда бір ай болып, қайта оралдық.
-Сіз өзіңіз Алматы қаласының тумасысыз ба?
-Жоқ, мен Тараз қаласынанмын. Сол жақта дүниеге келдім, білім алдым. Мектепті тәмамдаған соң Алматы қаласына университетке оқуға түстім.
-Нұрлан мырза өте ақкөңіл, жайдары деп жатырсыз. Ал ол кісі қандай жар, қандай әке?
-Енді отбасы мәселесінде бәрі болып жатады, ұрыс та, керіс те. Ал әкелік образына келер болсақ, ешқандай тағар мінім жоқ. Балаларды өте қатты жақсы көреді. Мен ұрыссам, тиып отырады. «Менің балаларыма ұрыспа!» дейді, ал мен «Ол менің де балаларым, қалай мен ұрыспаймын?» деп отырамыз кейде (күліп). «Сен қатты сөйлеп қойдың», «Сен бұған рұқсат бермедің» дегендей, ондайда мен: «Олай болмайды, балалар тым еркелеп кетеді» деп оңашада айтып қоямын. Енді жұмысы тығыз, бос уақыты көп болмағандықтан балалармен жиі көрісе бермейді ғой. Сондықтан болар, оларды еркелетуге, қалағанын орындауға, ұнатқан нәрсесін алып беруге тырысады. Бетін қақпайды. Кішкене қолы босаса, солармен ойнап, уақыттарын қызықты өткізуге тырысады.
-Соңғы уақыттары Нұрлан мырза кино түсіруді қолға алғанын байқап жүрміз. Жаңа өзіңіз де айтып жатырсыз. Сізге рөл ұсынбады ма? Ұсынса қабылдар ма едіңіз?
-Ой, жоқ. Айтып кеттім ғой, ол кісі мүлде қарсы. Тіпті бұл туралы ойламаған да болар (күліп).
-Отбасында ерлі-зайыпты қанша тату-тәтті болғанымен кейде ренжісіп қалатын сәттер де болады. Сондайда қалай татуласасыздар? Бір шешімге қалай келесіздер?
-Мен көп нәрсеге көз жұма қарауға тырысамын. Егер отбасын сақтап қалғың келсе, солай жасауың керек. Көбіне… біз не үшін ұрсысамыз? Кейде ол жұмыстан шаршап, жүйкесі жұқарып келуі мүмкін. Сондықтан ашуланып сөйлеуі мүмкін. Бірақ артынша бәрін түсінеді, кешірім сұрайды. Менің ойымша, ең бастысы – ер адаммен жарысып ұрсыспау керек. Көптеген келіншектер осыдан қателесіп жатады. Ол ешқандай жақсы нәрсеге алып келмейді. Ұрсып жатыр ма, сен үндеме. Кейін ашуы тарқаған соң айтасың, түсіндіресің. Кейде күйеуі жұмыс істемейтін, әйелі табыс табатын отбасылар болады. Онымен қоймай әйелдеріне талап қойып, міндетсінетіндер бар. Сондайда әйел қарсылық танытуына болатын сияқты. Мысалы, менде күйеуіммен салғыласу деген жоқ, ол кісі жақтырмайды. Жұмысын істеп жатыр, отбасын асырап жатыр. Мен оны ештеңеге мәжбүрлеп, артық нәрсе талап етпеймін. Көңілді кештерге, шараларға көп шыға бермеймін. Өйткені отағасы жақтырмайды. Соны түсініп, артық оның ашуына тимей, үйде отырамын. Жаңағы айтқанымдай, әйел жарыспауы қажет. Одан соң әрі қарай ушыға береді. Әйелдің қырық жаны бар ғой. Сондықтан бәрін шыдаммен, төзіммен қабылдай білуі керек.
-Бала тәрбиесінде қолданатын әдіс-тәсіліңіз бар ма?
-Менің Индира деген өте жақын құрбым бар. Сол кейін сені балаларымды тәрбиелеуге шақырамын дейді (күліп).
-Сіздің тәрбиелеу тәсіліңіз ерекше болып тұр ғой?
-Мен ұрысамын балаларға. Кейбір ата-аналарды байқаймын, балаға «әй» деп те айтпайды. Менің ойымша, ұрыспай тәрбиелеу – мүмкін емес. Бұл тақырыпта көп ешкіммен талқылап көрмедім, дегенмен құрбыларыммен отырғанда айтып қаламыз. Мәселен, сіздіңше балаға бір ауыз ескерту айтпай, ұрыспай тәрбиелеу мүмкін бе?
-… Бәрібір бірнәрсені бүлдіріп қойса ұрсасыз ғой…
-Әне, айтып отырмын ғой. Таныстарымнан көремін, балаға мүлде ұрыспайды. Тіпті бетімен кеткені сонша, дастарқан басында дұрыс отырып тамақ та іше алмайды. Нәтижесі осылай тәртіпсіздікке апарады. Шектен шығып бара жатса, құйрықтан бір-екі соғып қою да керек. Бірақ «ой оңбаған, сорлы» деп жерден алып, жерге салудың қажеті жоқ. Бәрі орнымен болғаны дұрыс.
-Оқырмандарымызға айтарыңыз, тілегіңіз болса…
-Егер отбасын сақтағың келсе, шыдамдылық қажет, ақылға салып ойлану керек. Жаңа айтып кеткенімдей, сөзіне жағаласып, қарсы шығудың пайдасы жоқ. Қанша дегенмен ол — ер азамат. Иә, ер адамдар да әр алуан, әйелін сөгетін, тіпті қол көтеретіндер де кездеседі. Кейбір аруларымыз жігітін сүймесе де есеппен тұрмыс құрып жатады. Мұндай отбасылардың да ғұмыры ұзаққа созылмауы мүмкін. Сондықтан бірдеңе деу де қиын.
-Әңгімеңізге рақмет. Отбасыларыңызға бақыт, береке тілеймін!