jasqazaq.kz

«Астана» Қазақстан кубогы жолындағы жарыстан шығып қалды

19 сәуiр 2017, 23:13

Бүгін футболдан Қазақстан кубогы үшін 1/8 финалының кездесулері болды. Бірден айтайық, күтпеген нәтиже Талдықорғанда тіркелді.

Онда бірінші лигада ойнайтын «Жетісу» командасы өткен жылғы ел чемпионы әрі кубоктың иегері «Астананы» қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. 10-минутта есепті елордалық Абзал Бейсебеков ашқанымен, кездесу соңына таман алаң иелері әбжілдік көрсетті. 75-минутта Олег Хромцов таразы басын теңестірсе, 87-минутта Алексей Шакин жеңіс голын соқты. Сөйтіп қазақстандық маман Дмитрий Огайдың шәкірттері ешкімнен де қаймықпайтындықтарын танытты. Дегенмен бұл матчта болгариялық маман Станимир Стойлов «Астананың» қосалқы құрамында отырғандарды алаңға шығарды. Ойындар әр үш-төрт күн сайын өтетіндіктен, негізгі құрамды тынықтырып алуды ойлағандықтан шығар, дәл сондай тәсілді Оралда «Ақжайықтың» бапкері Вахид Масудов та қолданды. «Ақжайық» пен «Ақтөбе» командалары 120 минут бойы аңдысқанымен, бірде-бір гол соға алмады. 11 метрлік бәсекеде оралдықтардан Руслан Валиуллин мүлт кетіп, ақтөбеліктер 5:4 есебімен ұтып, келесі кезеңге жолдама алды. Астаналықтардың жолын «қумаған» «Атырау» мен «Оқжетпес» командалары Оңтүстік Қазақстанға барып, бірінші лига клубтарынан шеберлігін асырды. Атыраулықтар Шымкентте «Қыраннан» 2:1 есебімен басым түсті. Мұнда алаң иелерінен Айдар Жақсыбек есеп ашқанымен, «Атыраудан» Новица Максимович пен Дәурен Қайраллиев екі доппен жауап қайырды. Ал «Оқжетпес» Атакентте өткен ойында «Мақтаралды» 4:1 есебімен ойсырата ұтты. Александр Марочкин, Максим Федин, Игорь Юрин және Даниил Чертов соққан голға «Мақтааралдан» Ельмар Нәбиев бір ғана доппен «үн қатты». Есесіне Оңтүстік Қазақстанның бас командасы «Ордабасы» Петропавлда бірінші лиганың тағы бір өкілі «Қызылжармен» өткен кездесуде жерге қараған жоқ. Гогита Гогуа соққан жалғыз гол шымкенттіктерге жеңіс әперді. Жуырда Қарағанды облысының әкімімен кездесіп, қатты сынға ұшырап, сөгіс алған «Шахтер» клубының басшылығы содан қорытынды шығарған болуы керек. Премьер-лигада көш соңында келе жатқан кеншілер Қостанайда «Тобылды» 2:1 есебімен тізе бүктірді. Алдымен «Шахтерден» Юлиус Сзоке мен Айдос Тәттібаев мергендік танытса, «Тобылдан» Тоқтар Жаңғылышбай ғана көзге түсе алды. Биылғы суперкубок иелері Алматының «Қайраты» өз алаңында «Таразды» қабылдап, 2:0 есебімен басымдылық танытты. Бұл ойында Андрей Аршавиннен пас алған Георгий Жуков «Қайраттың» сапындағы алғашқы голын соқты. Содан кейін Иво Иличевич 11 метрлік пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Оралдағы кездесу сияқты, Павлодарда «Ертіс» пен Қызылорданың «Қайсары» қосымша екі тайм ойнауға мәжбүр болды. Негізгі уақытта алаң иелерінен Исмаэль Фофана мен Франк Джа Джедже қарсыластың қақпасына бір-бірден гол енгізсе, «Қайсардан» Думан Нарзилдаев пен Елжас Алтынбеков өз мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ. Қосымша уақытта Родригоның арқасында «Ертіс» 3:2 есебімен «Қайсардың» меселін қайырды. ҚазАқпарат хабарлағандай, Қазақстан кубогы үшін ширек финалда «Ақтөбе», «Атырау», «Оқжетпес», «Шахтер», «Ордабасы», «Қайрат», «Ертіс» және бірінші лиганың жалғыз өкілі «Жетісу» ойнайтын болады.

 

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде