
Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Әлеуметтік желіде «нәрестесін тегін сыйға тартуға әзір» әйелдердің хабарламалары көбейген.
Мұндай хабарламалардың бірі Вконтакте желісінің Алматыда ашылған «Отдам даром» парақшасында жарияланған. Бойжеткеннің өз баламды тегін бере саламын деген хабарламасы қазақстандықтардың ашуын келтірді.
«Бала асырап алғысы келетін отбасылы жұптар маған жеке хабарлама жіберсін. Көмектесемін. Нәрестеге отбасы керек. Ауыр жағдайыма байланысты баламды жақсы отбасына беруге әзірмін», — деп жазған Анастасия Киселева есімді қолданушы.

NUR.KZ сайты бойжеткенмен байланысқа шығып, оның мұндай қадамға баруының себебін сұраған.
Елді шулатқан хабарлама
Бұл хабарламаны көрген желі қолданушылары бойжеткенді жерден алып, жерге салды.
«Бұл саған тегін бере салатын ит емес», «Ақыл есің орнында ма?», «Түсік тастатуың керек еді», — деп күйінді желі қолданушылары.
Дегенмен қоқысқа тастағанша, осылай баланы аман сақтап қалған артық деп санайтындар да табылды. Анастасия журналистің хабарламасына бірден жауап берді. Ол ішерге асы, басарға тауы жоқтығын айтып, бір айлық нәрестесін одан әрі қинай алмайтынын алға тартты. Тіпті баласымен бірге түскен фотосын да жолдап үлгерді.

Журналист сөйлесу үшін ұялы телефонының нөмірін сұрайды. Алайда бойжеткен онда бірлік жоқтығынан байланысқа шығу мүмкін еместігін айтады. Бойжеткенге жаны ашыған журналист бірден оның нөміріне бірлік салып бермек болып, тағы да нөмірін сұрайды. Ол рақмет айтып, бірден келіседі де, МТС-ке 350 рубль лақтыруын өтінеді.
«Сонда сіз Қазақстаннан емессіз бе? Не себепті алмытылық топқа хабарлама қалдырдыңыз» деген сұраққа бойжеткен көп жерге хабарлама қалдырғандықтан, жаңылысып кеткенін айтып ақталды.
МТС сайты қазақстандық карточкадан төлемді қабылдамай жатқанда, Анастасия «маған қатты қажет болып тұр, бәлкім картаға лақтырарсыз? Өзім толтырамын, немесе осында Вконтактеге лақытырыңыз» деп қалады.
Дәл сол сәтте журналист онлайн төлемдерді жақсы білетін және интернет байланысы бар бойжеткеннің жағдайы айтарлықтай қиын еместігінен сезіктенген.
Балалары жоқ адамдарды сан соқтыру
Бүгінде «Бала асырап аламын» деген хабарламалар таңсық дүние болмай кеткен. Мұндай хабарламаға суррогат ана атануды немесе жағдайы ауыр болғандықтан баласын бере салуды ұсынатын алаяқтар да көбейген.Сондай алаяқтардың бірінің құрбаны болған әйел басынан өткерген жайттарды баяндады.
Қатты көмектескім келгендіктен, алданғанымды сезбей қалдым
«Бала асырап алуға ниеттенген кезімде интернетте құрсақтағы баласын өзгеге беруге дайын Наталья есімді әйелдің хабарламасын көріп қалдым. Оның бұл әрекетке жағдайы жоқтығынан барып отырғанын түсініп, көмек ұсындым. Ол бар жағдайын айтып, Новосибирскіде екенін жеткізді. Мен Қазақстандамын. Ол менен тамаққа және гинекологқа қаралуға ақша сұрады. Мен бастапқыда 10 мың теңге лақтырдым. Аяғы ауыр әйелге көмегім тиіп жатқанына сенген едім», — дейді ол.
«Көп ұзамай ол жағдайы нашарлап бара жатқанын айтты. Алайда емханаға баруға қаражаты жоқ екен. Мен бірден ақша салып жібердім. Жағдайы қалай болды екен деп қатты алаңдап, қоңырау күтумен болдым. Бір кезде ол хабарласып, құрсақтағы балаға қауіп төніп тұрғанын, Новосибирискідегі облыстық емханада қымбат ем қабылдау керектігін айтты. Қатты көмектескім келгендіктен, алданғанымды сезбей қалдым. Қаражатпен қамтамасыз етіп, оны Новосибирскідегі таныстарым пойыздан күтіп алатындай келістірдім. Алайда достарым пойызда үш сағат бойы күтіп, бойжеткенді таппай кетті», — дейді зардап шегуші.
«Ол телефонын сөндіріп тастады. Желідегі парақшасы да өшірілген. Содан оның байланыс нөмірін гуглға терсем, дәл сондай жағдаймен тек есімі өзгерген Натальяның өзге парақшасын тауып алдым», — деп алданғанын есіне алды әйел.
