
Полицей машинасының үстіне селфиге түскен азамат 10 тәулікке қамалды. Бұл жағдай осы жылдың 25 наурызында Павлодар қаласы Қайырбаев көшесінде орын алған. Ащы суға сылқия тойып алған 23 жасар азамат селфиге түсіп, әлеуметтік желіге салып жіберген. Оның әдепсіз әрекеті көптің назарына ілігіп қана қоймай, сынына ұшырады. Бұл туралы Павлодар облысы мамандандырылған әкімшілік сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Соңғы уақыттары селфиге түсем деп сау басына сақина тілеп жүргендер тым көбейіп барады. Осы жылдың өзінде көптеген оқыс жағдай тіркеліп үлгерген. Атап айтар болсақ, Қостанай қаласында бойжеткен селфи жасап жатқан сәтінде мұз жарылып су астына түсіп кетті. Абырой болғанда, сол маңда жүрген балықшылар құтқарып қалды.
Ал 2016 жылы азамат сапалы сурет түсіремін деп пойыз астына түсе жаздаған. Пойыз жолындағы көпірде тұрып, теп-теңдік сақтай алмай төменге құлап 50% денесін күйік шалған.