Танымал қазақстандық сәнгер Берік Исмаилов киім тіктіртіп, уақытында ақшасын төлемейтін әншілерге шағымданды.

31 арнаның «Жұлдыздар жарқырайды» бағдарламасына берген сұхбатында Берік Исмаилов бір кездері Абай Бегейден 400 мың теңгесін әрең алғанын айтты.
«Абай Бегей, 400 мың деген сабан ақша болып кетті ғой, доллар өсіп. Жеменей бауырыма рахмет, сол жігітті араға салып, ақшамды алдым», – деп наразалығын білдірді сәнгер.
Бұл ретте Stan.kz мәселенің мән-жайын білмек болып Абай Бегейдің директорына хабарласты.
Әншінің директоры Зайр Бегалы ақшаның кешіктіріліп төленгенін растады. Алайда оның өзіндік себебі бар деп сендірді.
«Біріншіден, тіккен киімі ойдағыдай шыққан жоқ. Екіншіден, біз қалада болған жоқпыз. Концертте гастролде жүрдік. Бірақ, оның ақысын жеген жоқпыз ғой. Қалада болмай концертте жүрсек, солай айтыпты. Оны әңгіме қылудың өзі артық», – дейді Зайр Бегалы.