jasqazaq.kz

Жақсыны жақсы дейік

17 наурыз 2017, 16:53

Әкім болып елді басқару және халықтың бәріне бірдей жағу қай кезде де, кімге де оңай шаруа болған емес. «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» Маңғыстау түбегін әр жылдарда басқаруға келіп-кеткен азаматтардың артынан артық-кем сөз айту ниетіміз жоқ. Олардың бағасын қалт айтпайтын халық береді. Дегенмен, осы аптада жаңа басшыға орнын босатқан азаматқа қатысты барды бар, жоқты жоқ деп айтқанымыз артық болмас. Солай болса, осы Маңғыстаудың мұнайын өндірумен өркені өсіп, талабы тасыған, ақыры аймақтың әкімі болған Алик Айдарбаев төрт жылда не тындырды? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Азаматтың бойындағы байсалды, қарапайым, жұмсақ мінезіне сай Маңғыстау облысының соңғы жылдар бедеріндегі тыныс-тіршілігі де бірқалыпты тыныш өткен секілді. Аймақты басқаруға келген кезіндегі көпшілікпен алғашқы кездесуінде Алик Айдарбаев «ғаламат дүние істеп, түбегейлі өзгеріс жасаймын, өйтемін де бүйтемін» деп бос уәде бермейтінін ашып айтқан. Онысы «арық сөйлеп, семіз шығуға» бейімдігінің белгісі шығар деп дәмеленді көпшілік. «Нақты іске асатын жоба-жоспар бойынша жұмыс жасаймыз» деген әкім, кейбіреулердей қызыл сөзден қуырдақ қуыратын жорғалығымен емес, өндірістің өзегінде пісіп жетілген кәнігі маманға тән жұмыскерлігімен ілгері басуға ден қойды. Облыс активімен өткізген бірінші кездесуінде бұрынғы сапасыз жасалған және іске асыруға жарамсыз жобаларды түгелдей қайта жасақтау үшін 1 млрд теңге қаражат бөлінетіндігін және «Ақтау-сити» сияқты бүкіл елге жария етілген күмәнді жобадан бас тартатынын мәлімдегені есімізде. Айта кетелік, сол сияқты халықаралық туристік орталыққа айналдырамыз деп жарнамалатқан «Кендірлі» жобасын да шамаға қарай шақтауға шешім қабылдағаны да қисынды болып шықты. Бұрыннан қалған бірқатар проблемалық мәселелерді кезең-кезеңімен шешудің жолын тапты. Аймақпен танысу сапарын сән-салтанатпен керуен құрап, елді жинап сап түзетпей-ақ айналасындағылармен бірге автобуспен Мұнайлы ауданын аралаудан бастаған қарапайымдылығына да халықтың іші жылып қалған. Көзбояушылық, көпіртпе сөзбен күмпітіп көрсеткіш көтеруге де пейілді емес екеніне кейінгі жылдарда анық көз жеткіздік.


Елбасы алға қойған мемлекеттік саясаттың сәтті іске асуы көп жағдайда аймақтардағы атқарылған жүйелі де нақты жұмыстардың нәтижесімен байланысты. Маңызды мақсат-міндеттерді тиянақты іске асыру бағытында үлкен істердің атқарылуына дұрыс басшылық жасап, атқарылуын қадағалай білді. Соңғы жылдардағы мұнай бағасының құнсыздануына байланысты қалыптасқан дағдарысты жағдайға қарамастан, ішкі резервтерді тиімді пайдалану арқылы өлке өндірісін өрге бастыруға, әсіресе газ өндіру көлемін арттыруға қол жеткізді. Аймақта жүзеге асқан ең ірі жобаларды атап өтсек, халықаралық маңызы бар «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» және «Боржақты – Ерсай», «Бейнеу – Жезқазған» теміржолдары іске қосылды, «Құрық» паром кешені құрылысының бірінші кезеңі аяқталды, «Каспий Цемент», «Каспий Битум» зауыттары өз жұмысын бастады. Қаламқас мұнай кен орнында елімізде тұңғыш газотурбиналық электр өндіру стансасы іске қосылды. Жетібайдағы мұнай кәсіпшіліктерінде жаңғырту жұмыстары жасалды. Көптеген балабақша мен мектептер, емхана, перзентхана, спорт кешендері сияқты халыққа қажетті әлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне берілді. Санитарлық авиация қызметі жолға қойылды. Өлкемізді еліміздің өзге өңірлерімен байланыстыратын 470 шақырымдық «Бейнеу – Шетпе – Жетібай – Ақтау» тасжолы құрылысы аяқталуға жақындады. Аймақтың болашағы зор транзиттік-көліктік әлеуетін пайдалану мақсатында біршама істер атқарылып, келешегі зор жобалар жасақталды. Өткен жылы жалпы жол салу, күрделі жөндеу, ЖСҚ дайындау жұмыстарына 7 млрд теңге жұмсалғаны соның бір дәлелі.
Аймақ тұрғындарын ауызсумен қамту бағытында біршама жұмыстар атқарылғанын ел біледі. Уақытында Елбасының қатысуымен салтанатты жағдайда ашылып, артынан он жыл жұмыс істемей тұрған «Каспий» су тұщыту зауыты қайта іске қосылып, Мұнайлы ауданының Басқұдық, Маңғыстау, Қызылтөбе, Дәулет, Батыр ауылдарына құбыр арқылы су жеткізілгеніне куә болдық. Бейнеу ауылында су тазартқыш қондырғы салынып, ауылішілік су құбырларының тартылуы, Жетібай, Мұнайшы, Сайын ауылдарына құбырмен су апарылуы айтарлықтай жетістік ретінде елдің тұрмысын түзеуге оң әсер етті. Сондай-ақ Ақтау қаласының сумен қамту және бөлу жүйелері жаңғыртылып, жаңа шағынаудандардың инфрақұрылымын жасау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын модернизациялау бойынша көп шаруалар тындырылды.


Аймақтың соңғы бірнеше жыл қатарынан жалпы ішкі өнім көлемінің өсімі мен инвестициялар тарту бойынша ел аймақтарының арасында алдыңғы орындардан көрінуі нақты нәтижені байқатса керек. «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қарқынды жүргізіліп, соңғы екі-үш жылдың ішінде тұтас жаңа шағынаудандар пайда болғаны қаншама жылдардан бері қордаланып келген мәселені шешуге елеулі ықпал етті.
Маңғыстау халқының бағзыдан күнкөріс көзі болып келген ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал шаруашылығын дамытуға назар аударылуының нәтижесінде мал басының өсуі, жергілікті ет, сүт өндіруші шаруашылықтардың өнімдерін мұнай компанияларына өткізу мәселесінің шешімін табуы, жүн, тері өңдеу жұмыстарының қайта қолға алынуы, егін шаруашылығымен айналысушылар қатарының артуы, балық өсіру кәсіпорындарының ашылуы соңғы жылдарда жүйелі жүзеге аса бастаған жобалар санатында.
Әлеуметтік саланы қамтитын «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламалары бойынша жұмыссыздықты азайту, қоғамдық ақылы жұмыстар ұйымдастыру бағытында да біршама істер атқарылды. Мектептер мен балабақшалардың көптеп салынуының арқасында үш кезеңде оқыту мен балабақшаға кезекке тұру проблемасы оң шешімін тапты. Медицина саласындағы жетістіктерді де ауыз толтырып айтуға негіз бар. Ең маңыздысы, ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендетуге қол жеткізіліп, облыстық аурухана жанынан жүрекке күрделі ота жасайтын кардиохирургиялық орталық ашылып, жұмысы сәтті жолға қойылғанын ризашылықпен айта аламыз. «Сақалды құрылыс» санатындағы Жаңаөзен қаласындағы перзентхана пайдалануға берілді. Ақтауда 150 орындық ана мен бала денсаулығын қорғау орталығының құрылысы жүріп жатыр.
Әрине, ең бастысы, елімізді ұйытып, бір мақсатқа топтастырған бірлігіміз бен жарасымдылығымызды сақтауға, қарапайым еңбек адамдарының көңіл-күйін түсініп, халықпен тіл табысуға, жағдайды көппен кеңесе отырып шешуге мән берген мәмлегерлігіне мін таға алмаймыз. Жақсының жақсылығын айтып, көпшіліктің ризашылығын жеткізіп, келешегіне сәттілік тілеген абзал. Бұл ретте біз асыра мақтап, халыққа адал қызмет етуге міндеттті азаматтың бітірген бүкіл жұмысын тізбелеуді мақсат еткен жоқпыз, ауызға іліккен негізгілерін ғана айтумен шектелдік. Ал әкімдерге қатысты жұрттың аузында жүретін әдеттегі «ішіп қойды, жеп қойды» деген жағымсыз сөздің бұл кісіге қатысты айтылмайтыны арының тазалығынан шығар. Айтпақшы, оның бастапқыда байқалған кібіртіктеп сөйлейтін қазақшасы төрт жылда тым тәуір түзеліп, мақалдатып сөз айтатын дәрежеге жеткені, өзге емес өзіне олжа болды. Әрине, облыс халқы үшін қашаннан арман болған, кезінде басталып, іске асырылмай тасталған мұнай өңдеу зауытын салуға қанша күш салып, тиімділігі мен оңтайлылығын жоғарыға жеткілікті дәлелдегенмен, жүзеге асыра алмағаны оған да бір арман болып қалған шығар. Сол ниеті үшін де рахмет айтып, түбінде іске асыруға жұмыстануды жалғастыруымыз қажет-ау…

Мұрат ЖЕТЕКБАЙ

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде