jasqazaq.kz

Синхронды жүзуде тағы дау шықты

15 наурыз 2017, 11:53


13-17-наурыз аралығында Алматыда Синхронды жүзу спортынан Қазақстан чемпионаты өтуі керек болатын. Өтіп жатыр да… Басы даудан арылмаған осы спорт түрінен тағы ши шықты. Қаланың қақ ортасында орналасқан «Rakhat Fitness» спорт клубының базасында жалауы желбіреген жарысқа ешкім кіргізілмейтін болды.

Кейбір белді спорт сайттарында «синхронды жүзуден Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Жанна Демченконың елден қашып кетуі мүмкін» — деген ақпараттар шығып кеткен еді.Алайда ол расталмады. Демченко Қазақстан чемпионатының алғашқы күнінде төреші болып отырды. Демченконы көзбен көре алмаған біздер, қоңырау да шалып көрдік. Бірақ бәрі бекер.


Тіпті журналистердің өзін кіргізбейтін сайыстың соншалықты қандай құпиясы барына таңымыз бар. Камерасын ала жеткен операторға да, қаламды серік еткен тілшіге де орын бұйырмады бұл кешеннен. Жағдайды түсіндіріп жатқан адам жоқтың қасы. Чемпионатқа қатысып жатқан жас спортшылардың ата-аналары да турнирдің неліктен жабық түрде өткізіліп жатқанын түсінбей дал. Өзін Лана Ким деп таныстырған әйел: «Балам Гринев Альберттің өнерін тамашалауға келдім. Әке-шеше үшін одан асқан қуаныш бар ма?! Бірақ қуанышымызды су сепкендей басты. Біз екінші күн болды, кіре алмай отырмыз. «Rakhat Fitness» әкімшілігінің дөрекілігі өз алдына бөлек тақырып. Чемпионат неге жария түрде өтпейді. Мұнда бір шикілік бар. Баламның жаттықтырушысы Айнұр Керейдің кәсіби шеберлігіне күмән келтірмеймін, өз ісінің шебері, өйткені біз бұл спортқа кездейсоқ келдік, сонда да болса нәтижеміз жаман емес», — деді.Александр Ватутин есімді жасөспірімнің анасы Татьяна Ватутина да «Тіпті не айтарымды білмеймін. Жабық түрде өтетін сот залына келгендей болдық.Сонда өз балаларымыздың спортқа қалай қатысып жүргенін көре алмаймыз ба? Бұл сорақылыққа жауап беретін кім бар», деп наразылығын білдіріп жатты.


Аталған спорт клубының ресми сайты мен Instagramжелісіндегі парақшасы 10-наурызда 13-17 наурыз аралығында өз клубтарында синхронды жүзуден Қазақстан чемпионаты өтетінін, оған келем деушілер болса шақырып, кіру тегін екенін жазған болатын. Кейін ол жазбаларды өшіріп тастаған.


Жарысқа келер болсақ, тәжірибелі Әйгерім Исаева былай дейді: «Біздің командадан екі өкіл төреші болып отыр. Бірақ төрелік әділ болып жатыр деп ойламаймын. Ұпайлар арасындағы айырмашылық өте үлкен. Олай болуы мүмкін емес. Мәселен, бір төреші 5.5 деген ұпай қойса, екіншісі 7.0 беріп жатыр. Бұның бәрінің бейнеқайталауы бар. Біз шағымдана аламыз, бірақ олар бізге ондай мүмкіндік бере қоймайды.»


Шәкірттерін үкілеп алып келген Айнұр Керейдің де ұйымдастырушыларға деген өкпесі қара қазандай. «Маған турнирдің алдында жалған ережені берді. Жарыс өткізілуі керек күндер басқаша жазылған. Жарыс жайлы айтар болсам, төрешілерге көңілім мүлде толмайды. Бір спортшының анасы төреші болып отыр. Оның бергені бойынша екі балдық айырмашылықты байқап қалдық. Төрешілердің басым көпшілігіне халықаралық дәрежедегі деп жазылған. Олар оны қайдан алды? Өтірік қой?! Мысалы, қағаздан көріңіздер, Ермаханова Әминаның өзі айтуы бойынша ол халықаралық дәрежені алмаған. Ал мен кезінде халықаралық сертификаттаудан өтсем де, мені «бірінші санатты төреші» деп жазыпты».
Чемпионат наурыздың 17-жұлдызында тәмамдалады.

Мадияр Арыстанбаев

Алматы қаласы

31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді