
Ақтөбе шетіндегі Вохр ауылының тұрғындары өз үйлеріне өздері иелік ете алмай отыр. Өйткені, баспаналарының құжаты қолдарында болғанымен, тұрған жерін әкімдік жылдар бойы жалға беріп келеді. Ал басыбайлы рәсімдеп беруге шенеуніктер қарсы. Сондықтан, тұрғындар үйлерін сата алмайды не ауласына қосымша құрылыс та сала алмайды. Тіпті, мемлекет меншігіндегі жерден халықты әкімдіктің қуып шығуына құқығы бар. Бұған алаңдаған жұрт жағдайдың біржақты болғанын талап етуде.
ktk.kz хабарлағандай, Ақтөбе шетіндегі Вохр ауылы өткен ғасырдың қырықыншы жылдары әскерилер үшін тұрғызылған. Мұнда қазір жүзден аса шаңырақ түтін түтетіп отыр. Осындағы тұрғындардың басында баспаналары бар болғанымен, өз жерлеріне иелік ете алмай отыр.
Бұл ауылдың тұрғындары қыс бітсе, әкімдік жағалап, ала шапқын болады. Өйткені, дәл осы уақытта жерлерінің жалдау ақысын өтеулері тиіс. Бұған себеп – қолдарында үйлерінің өз аттарына аударылғанын растайтын құжаты болғанымен, жер учаскесі мемлекет меншігі деп көрсетілген.
Әсел Айдынбаева, Вохр ауылының тұрғыны:
-Аукционға салып, тиынға сатып жатыр жерді. Біз содан қорқамыз. Халықтың көңілі сол үшін алаңдаулы. Үй өзіміздікі болғанымен, жер үкіметтікі. Бізге керегі жерімізді заңдастырсын.
Вохрлықтар бұған дейін аймақты басқарған төрт әкімнің табалдырығын тоздырған. Былтыр әкім болып келген Бердібек Сапарбаевтың өзі осы мәселені бір жағынан шығара алмай отыр деп налиды тұрғындар.
Зибаш Темірова, Вохр ауылының тұрғыны:
-Халықтың жан айқайын естіп жатқан әкім жоқ. Себебі біздің елді-мекенімізге келіп, бірде бір әкім жиналыс жасап, «Әй, сендердің хәлдерің қалай?» деген жоқ. Барамыз деп алдайды.
Вохрдың дәл түбінде қос бірдей зауыт тұр. Сол себепті, тұрғындар жер учаскесін меншіктеуді армандамай-ақ қойсын деп шенеуніктер шорт кесті. Өйткені, санитарлық талапқа сәйкес ол аймақта адам тұруға болмайды. Бірақ енді көшемін дейтіндерге әкімдіктегілер қаланың өзге аудандарынан басыбайлы жер беруге әзір.
Ұшқын Мыңбаев, Ақтөбе қалалық жер қатынастар бөлімінің басшысы:
-Басқа жақсы аумақтардан жер учаскесін береміз. Сол жақтан үй салуға болады ғой. Балаларының болашағы үшін.
Бұған вохрлықтардың көнгісі жоқ. Өйткені жер учаскесін алғанымен, жаңадан баспана тұрғызуға көбісінің қалтасы көтермейді. Сондықтан мұндағы жер дауының әзір шешілмейтін түрі бар.