
Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде некесі қиылған қалыңдықтардың көбі «мәһр» яғни, жұбайынан сыйлық ретінде гауһар тасты алтын жүзік пен сырға, ал, ерінің қалтасы қалың қыздар пәтер немесе көлік сұрайды екен.
ҚазАқпарат хабарлағандай, бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб-имамы Қуат Ерғалиұлы айтып берді. «Шариғатта мәһір — некелесу барысында немесе кейін өтеу шартымен келісілген қалыңдыққа берілетін дүние-мүлік немесе ақша. Осыған орай еркек күнкөрістің қамымен сыртта жұмыс істеп дүние тапса, әйел көбіне үй шаруаларымен айналысқан. Осындай табиғи бөлістің нәтижесінде отбасын асырау отағасының мойнына жүктелген. Мәһір, нәпақа, үйге қажетті заттарды алу ер кісінің міндеті. Ханафи мәзһабы бойынша мәһірдің ең аз көлемі он дирхам (Пайғамбарымыздың кезінде бес дирхам құрбан шалуға татитын бір қойдың құнына тең болған.) Демек, екі қойдың құнындағы қаражат, яки мүлік», — деді алдымен шариғаттағы «мәһр» талабын түсіндірген наиб-имам. «Ал, мешітімізге неке қидыруға келген қалыңдықтар мен келіншектердің көпшілігі мәһр сыйлығына гауһар тасты алтын жүзік пен сырға сұрайды. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы жақсылары автокөлік яки пәтер сұрайтындар да бар», — деді ол.