
Бүгін Астанадағы сотта жауап берген «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев ешкімнен пара алмағанын мәлімдеді. Ол соттағы жауабында: «Маған делдал арқылы Ибадильдинадан пара алды деген айып тағылды. Бірақ ол айыппен еш келіспеймін. Біріншіден, мен О. Ибадильдинадан бір тыйын да пара алған жоқпын! Қылмыстық істе бұған нақты дәлел де жоқ. Керісінше өз ұлын заңсыз іс-қимылынан арашалап алып қалу үшін, ол айыптаушы тараппен мәмілеге келгенін бәрі біледі» деді.
Бас кейіпкер соттағы сөзінде Ибадильдинадан басқа да тұлғадан ешқандай пара алмағанын хабарлады. Ол: «Тұматаевтан да ешқандай ақша алмадым. Әрбірден соң Ибадильдинаның маған ақшаны әкеліп бергенін растайтын адамдардан түсінік алмаған. Ондай адамның атын да атай алмай отыр. Сондықтан, менің ешқандай кінәм жоқ. Маған тағылған айыптың бәрі дәлелденбеген» деді.
Төлен Тілеубай
Астана