Универсиадада еріктілер тамаққа тоймай жүр ме? Еріктінің анасы Жазира Тәжібекова facebook желісінде еріктілерге берілетін тамақ мәзіріне көңілі толмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Универсиада еріктілері таңнан кеш батқанша жұмыс істейді. «Сұрағым келетіні: оларға берілетін тамақ неге тойымды емес? Таза ауада, тау аясында аш қарынмен жұмыс істеу қиын емес пе? Ал сіздер беретін тағамды жеу мүмкін емес!!! Менің ұлым өзімен бірге тамақ алып кетеді. Ол жерде жаутаңдаған жүздеген көз тұрғанда, бөлісуіне тура келеді. Міне, Универсиада еріктілерімен қоса, спортшылар мен жаттықтырушыларды мынандай сапасыз тағаммен тамақтандырады», -деп желіге суретін жүктеді.

Универсиада-2017 ұйымдастырушылары осы жәйтке байланысты informburo.kz сауалына жауап берді.
Баспасөз қызметінің хатында еріктілерді күнделікті тамақтандырылатыны атап өтілді. Оларға бір уақыт ыстық тамақ берілетінін атап өтті.
«Жарысқа қатысушылар таңғы 05:00 -тен түнгі 12:00- ге дейін Атлетика қалашығынан тамақтанады. Ал еріктілерге бір рет ыстық тамақ беріледі. Ас ланч-блок түрінде таратылады. Оның құрамына салат, ыстық ет, гарнир кіреді. Сонымен қатар еріктілерге ыстық чай мен тәттілер үлестіріледі»- делінген хабарламада.