
Жүйкесі жұқарған жолаушылар! Елімізде мыңдаған адам вокзалдарда түнеуге мәжбүр болды. Әсіресе, Астана, Алматы мен Қарағандыдағы теміржол бекеттерінде жұрт түні бойы пойыз күтіп жолынан қалды. Себебі, бір емес, оннан астам бағытта кісі таситын отарбалар сағаттап кешіккен. Бұған Ақмола облысындағы Бабатай станциясының маңында жүк пойызының апатқа ұшырауы себеп. Ал, «Жолаушылар тасымалы» келтірілген келеңсіздік үшін өтемақы төлеуге уәде беріп отыр.
ktk.kz хабарлағандай, бұл түнде Астана вокзалында жолдан қалған жолаушылардың бірі түсіріп алған видео. Вокзал ішіндегі қалың жұрт сағаттап кешіккен пойыздарын тағатсыздана күтіп тұр. Бір емес, оннан астам отарба уақытында келмегендіктен бекет ішінде ине шаншар орын жоқ. Түн жарымда көбі отырғанды қойып, тұратын орын таппай қатты қиналған.
Жаңа жыл алдында үйіне асыққан жұрттың жолдан қалуына не себеп болғанын және кешіккен пойыздардың қашан келетінін ешкім жөнді түсіндірген жоқ дейді жолаушылар. Мұндай келеңсіз жағдай тек Астанада емес, Алматы мен Қарағанды вокзалында да болды. Мұнда да сөмке асынған жұрт вокзалда түнеуге мәжбүр болған. Тек, таңғы 5-тер шамасында 6 сағат бойы кешіккен пойыздардың соңғысы келіпті. Бірақ, отарбалар әлі кестеге ілесіп үлгермей жатыр.
Қасиет Әбденова, жолаушы:
— Вокзалдың ішін білесіз ғой. Ығы жығы. Суық. Баламен қиын екен. Мазасы кетіп жатыр киіммен. Не шешіндіре алмайсың. Бөлмелер жоқ.
Ал, мыңдаған жолаушының осылай жолдан қалып жүйкелерінің жұқаруына Ақмола облысындағы Бабатай станциясының жанында жүк пойыздарының соқтығысуы себеп екен. Тоғыз жолдың торабындағы апат кесірінен 17 бағатта адам таситын отарбаларды кешіктіруге тура келген.
Шықсын тез. Әйтпесе жарылады қазір.
Соққы қатты болса керек, жүк тиелген 12 бірдей вагон рельстен шығып кеткен. Тіпті, электровоздың тоқтары тартылған бағаналар да құлап, пойыздың саймандарына дейін шашылып жатыр. Ал, «Жолаушылар тасымалы» болса, осы апаттың кесірінен зардап шеккендерге өтемақы төлеуге уәде берді.
Асылхан Қалдыкөзов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ атқарушы директоры:
-Жолаушылар қызметін пайдаланбайтын кісілер билеттерін тапсырып, толық құнын қайтарып ала алады. Егер кешіккен кезде әр жолаушы тәртіпке орай сағатына билеттің 3 пайызын билеттің құнынан қайтарып ала алады.
Сондай-ақ, «Жолаушылар тасымалы» енді пойыздардың кешігуі болса, жолаушыларға смс абарлама жіберіп алдын ала ескертуді қолға алмақ.
-Қазір жүк пойыздары соқтығысқан жер қалпына келтіріліп, апаттың себебі анықталып жатыр. Ал, жолаушылар отарбасы әлі де 4-5 сағатқа кешігуде. Жауаптылар пойыздардың кестеге сай жүруі үшін бір тәулік уақыт қажет дейді.