«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов «APCO Worldwide» компаниясының атқарушы вице-президенті Дон Бонкермен кездесті. Кездесу барысында тараптар Америка Құрама Штаттарының халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысу мәселесі талқыланды, деп хабарлайды BNews.kz.

«Франция, Германия, Қытай, Түркия және Венгрия елдерінің өкілдеріне павильондар беріліп қойды. Сондай-ақ, көрмеге қатысушыларға арналған пәтерлер де дайын. Алда тақырыптық павильондар құрылысын аяқтау міндеті тұр. АҚШ павильоны тапсыруға дайын», – дейді А.Есімов.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатынын 106 ел растады, олардың 102-сі өз комиссарларын тағайындады, 90 ел Қатысу келісімшартына қол қойды.
«АРСО» компаниясы америкалық павильонның ашылуына қатысты жұмыстарды атқару үшін таңдалды. Біз барлық ұйымдастырушылық мәселелермен, айталық павильон дизайны, контенті, оны ілгерілету жұмыстарымен айналысамыз. Және біз үшін ЭКСПО-2017 көрмесіне абыроймен қатысу өте маңызды», – дейді Дон Бонкер.+
Естеріңізге салсақ, халықаралық мамандандырылған көрме Астана қаласында 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында өтеді, оған 2 миллионнан астам адам келеді және павильондар 5 миллионнан астам рет тамашаланады.