
Ғалам тұрақтылыққа алаң болып отырған қазіргі кезеңде Қарулы Күштерге әскери оқу-жаттығулардың сапасын арттырып, елдің қорғаныс қабілетін нығайту көкейкесті міндет болып тұр. Мұндай жаттығулар сарбаздардың шеберлігін шыңдап, қазіргі заманғы ұрыс тәсілдерін меңгеруге септігін тигізеді. Осы орайда, Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алдағы уақытта өткізілетін «Батыл тойтарыс -2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу жаттығуларына дайындықтың барысы жүріп жатқанын баяндағанын айтқан жөн. Кездесуде Президент министрлікке Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіру, сондай-ақ, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
«Батыл тойтарыс -2026» оқу-жаттығуларын Мәтібұлақ полигонында өткізу жоспарланып отыр. Таяуда Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Қаныш Әубәкіров Гвардейск гарнизонына барып, осы ауқымды іс-шараға дайындықтың жай-күйімен танысты. Жұмыс бабындағы сапар кезінде оқу-жаттығуларына қатысатын бөлімшелердің даярлығы, әскери техниканы орналастыру, сонымен қатар, полигондағы инфрақұрылымға ерекше мән берілді. Атап айтқанда, материалдық-техникалық жабдықтау, инженерлік және байланыс жүйелері мен медициналық қызметті қамтамасыз ету, қауіпсіздік талаптарын ескеру мәселелері бойынша нақты тапсырма берілді.
Тексеру барысында Бас штаб бастығы оқу-жаттығуларға қатысатын әскери техника мен қолданылатын оқ-дәрінің есептік көрсеткіштері, сондай-ақ, ақпараттық — коммуникациялық ифрақұрылымды жолға қою бойынша нақты мағлұмат алды. Бұған қоса, бөлімше командирлері мен жеке құрамның әр кезеңдегі іс-қимылы бойынша өз міндетін орындау тәртібі, берілетін пәрменнің уақытында іске асырылуы және белгіленген шептерді қаншалықты меңгергені де електен өткізілді.
Цифрлық технологияның дамуымен ұшқышсыз ұшу аппараттары қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда өзінің тиімділігін көрсетуде. Қазақстан Қарулы Күштері де осынау замануи дрондарды игеруде елеулі жетістікке жетіп отыр. Мәтібұлақ полигонында, міне, осы ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы қорғаныс жүйесін қалыптастыру және әскери қызметшілердің радиоэлектронды күрес дағдысын шыңдау пысықталады.
Сонымен қатар, қазіргі кезеңдегі ұрыста ұтқырлық пен жылдам әрекет етудің маңызы зор. Бұл ретте Гвардейск гарнизонындағы Оқу орталығы базасында Құрлық әскерлерінің жеке құрамы іс-қимыл тиімділігін арттыру мақсатымен мотоцикл жүргізу курсынан өтіп жатыр. Көліктің бұл түрі сарбаздарға қажетті мәлімет пен оқ-дәрі жеткізу, қажет жағдайжа, жаралыларды ұрыс даласынан алып шығу сияқты жауынгерлік тапсырманы дер кезінде орындауға мүмкіндік береді. Мотоциклмен әрекет ететін әскери қызметшілер де алған білімі мен дағдысын «Батыл тойтарыс-2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларында паш ететін болады.
Талап Тілеген
Сурет: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі