jasqazaq.kz

Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде

Бүгін, 16:00

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында киберқылмысқа, соның ішінде кибералаяқтықпен күрестің маңызына айрықша тоқталған болатын. Мемлекет басшысы киберқылмысты тергеуге қатысатын мемлекеттік органдардың құзыретін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың жеке деректерін қорғауды және дербес мәліметтерді таратқаны үшін берілетін жазаны күшейтуді басты міндет ретінде атады. Айта кеткен жөн, Президент тапсырмасы ойдағыдай іске асырылып, соның нәтижесінде биыл елімізде интернет-алаяқтық фактілері төмендей бастаған. Бас прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері мұндай қылмыстардың саны 10,7 пайызға қысқарды. Мұндай көрсеткішке банк жүйесіне енгізілген жаңа талаптар және құқық қорғау органдарының цифрлық технологияларды кеңінен қолдануы да ықпал етуде.

Интернеттегі алаяқтық сияқты киберқылмыспен күрестегі жаңа тәсілдер туралы Jas Qazaq тілшісіне Қазақстан Республикасы Бас прокурорасының Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Әкімжан Үмбеталин айтып берді.

– Биыл интернет-алаяқтыққа қарсы күресте қандай да бір нәтиже байқала ма?

– Иә, соңғы статистика оң нәтижені көрсетіп отыр. Биыл интернет-алаяқтық қылмыстарының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 390-нан 11 065 жағдайға дейін азайған. Оның ішінде алаяқтық тәсілдерінің қатарында азаматтарға қоңырау шалып алдайтын вишинг бойынша 2 361 дерек, жалған сайттар мен сілтемелер арқылы деректерді ұрлайтын фишинг бойынша 2 345 дерек, сондай-ақ тапсырыс берілмеген тауарларды жіберуге негізделген брашинг бойынша 2 148 дерек тіркелген.

– Азаматтардың ақшасын қорғау үшін қандай заңнамалық өзгерістер енгізілді?

– Соңғы жылдары банк саласындағы заңнамаға маңызды өзгерістер енгізілді. Олардың барлығы азаматтарды интернет-алаяқтардан қорғауға бағытталған.

Мәселен, енді көптеген қаржылық операциялар кезінде биометриялық сәйкестендіру қолданылады. Сонымен қатар белгілі бір жағдайларда несие рәсімдеу үшін жұбайының келісімі талап етіледі. Ал алғашқы несиені рәсімдеу міндетті түрде азаматтың жеке қатысуымен жүргізіледі.

Тағы бір маңызды жаңалық – «ойлану кезеңінің» енгізілуі. Бұл азаматтарға несие рәсімдеу туралы шешімін қайта қарап, алаяқтардың ықпалына түскен жағдайда уақытында бас тартуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, әрбір азамат eGov порталы арқылы өз атына несие алуға ерікті түрде тыйым сала алады. Сондай-ақ несие рәсімдеу кезінде қарыз алушының келісімі электрондық үкімет жүйесі арқылы қосымша расталады.

Егер банк заң талаптарын сақтамай несие рәсімдесе, мұндай қарызды есептен шығару немесе сот арқылы кешіру мүмкіндігі де заңда қарастырылған.

– Қаржы алаяқтарының әрекетін тоқтатуда Антифрод-орталығы қандай рөл атқарады?

– 2024 жылдың шілде айында Ұлттық Банк жанынан Антифрод-орталығы іске қосылды. Бұл – банктер мен мемлекеттік органдардың ақпарат алмасуын қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық алаң.

Жүйенің негізгі мақсаты – күмәнді ақша аударымдарын барынша ерте анықтап, оларды тоқтату. Егер күдікті операция тіркелсе, қажетті ақпарат барлық қатысушы ұйымдарға жедел жолданып, тиісті шаралар қабылданады. Осындай жүйелердің арқасында алаяқтардың ақшаны бір банктен екінші банкке жылдам аударып жіберу мүмкіндігі едәуір шектеліп отыр.

– Қазіргі таңда цифрлық технологиялар қылмысты ашуда қаншалықты тиімді қолданылып жатыр?

– Соңғы жылдары цифрлық технологиялар мен криминалистиканың рөлі айтарлықтай артты. Қазір тергеу барысында мобильді телефондар, компьютерлік техника, бейнебақылау жазбалары және түрлі цифрлық деректер жан-жақты зерттеледі.

Сонымен қатар биометриялық сәйкестендіру технологиялары кеңінен қолданылып келеді. Мұның бәрі қылмыстың қалай жасалғанын анықтауға, оған қатысы бар адамдарды табуға және дәлелдемелерді нақты жинауға мүмкіндік береді.

Бүгінде цифрлық сараптама тергеудің барлық кезеңінде маңызды құралға айналды деуге болады.

— Әңгімеңізге рахмет!

Олжас Әбдіхалық

 

 

Бүгін, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде
22 шiлде, 19:06
Алматы: Өндірістік ауданда тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
22 шiлде, 15:09
Қазақстан – Еуроодақ: Экономикалық дипломатияға басымдық
16 шiлде, 15:27
Ержан Жаров: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жаңа заңның басты мақсаты
15 шiлде, 14:24
Қазақстан Қарулы Күштерінде цифрлық технологияны енгізу басым бағытқа айналды
14 шiлде, 17:15
Ғиззат Байтұрсынов: «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы цифрлық мемлекет құруға бағытталған
14 шiлде, 13:36
Иран Шархан: Мақсат –шикізатпен шектелмей, дайын өнім шығаратын өндірістік модельге көшу
13 шiлде, 15:45
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту – өңір дамуының маңызды бағыты
12 шiлде, 13:59
Негізгі мақсат – өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту