
Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Қостөбе ауылдық округінде су тасқынына байланысты жергілікті мәндегі төтенше жағдай жарияланды.
5 қазан күні түнде Киров су қоймасынан Талас өзеніне 86,5 м3 су түсіп, салдарынан өзеннің 40 метр жағалауы бұзылған болатын. Ағын су аталған ауылда орналасқан жеке кәсіпкердің жылыжай нысанын, Сейфуллин және О.Атабеков көшелерінің бойында орналасқан 34 тұрғын үйдің ауласын шайған. Адам мен мал шығыны жоқ. Қазір аудан әкімінің жетекшілігімен арнайы комиссия жұмыс істеуде.
Сондай-ақ төтенше жағдай жарияланған Қостөбе ауылына кеше түстен кейін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев барып қайтты. Өңір басшысының тапсырмасымен су шаю қаупі бар жағалау бөліктерін қатайту үшін 15 ауыр техника мен 40 адам жұмылдырылды.
«Бүгінде өзеннен келер ешқандай қауіп жоқ. Төтенше жаңдайға жауапты мамандармен бірге өзен арнасын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жағдай бақылауда», – деді өңір басшысы.
Айта кетейік, Жамбыл облысы ағын судың 80 пайызын көршілес Қырғыз елінен алады. Биылғы жылы Киров су қоймасына 550 млн м3 су жиналған болатын. Қазір оның көлемі – 245 млн м3 құрайды.