Жергiлiктi әкiмдер атажұртқа көшiп келген қазақтарға заң бойынша жер пайдалану құқығы бар екенiн айтпайды. Бүгiн Астанада өткен «Шынтөбе» пiкiрталас клубының алғашқы отырысында ақын, журналист Ауыт Мұқибек көшi-қон заңының орындалуына қатысты мәселелердi көтердi.
Ауыт Мұқибек 1997 жылы қабылданған «Көшi-қон туралы» заңға өткен жылы соңғы түзетулер енгiзiлгенiн айта келе, «Заң жақсы, тиiмдi тұстары көп. Ешкiм де сол заңнан артық ештеңе iстей алмайды. Мәселе сол заңның орындалуына болып отыр. Заң жаңа жылдан бастан қолданысқа ендi. Көшi-қон заңнамасында оралмандарға әлеуметтiк көмек түрлерi туралы 23 бап бар. Осы бап атқарушы билiк жағынан ауылды жерлерде, аудандарда атқарылмай жатыр деп айтуға болады», — дейдi А.Мұқибек.
Оның айтуынша, мәселен, жергiлiктi билiк заңның тегiн жер пайдалану құқығын беру туралы тұсын көзге iлмейдi.
«23-бапта оралмандарға тегiн жер пайдалану құқығын беру туралы тармақтар бар. Бұл жер заңнамасының 49-бабында да көрсетiлген. Бiрақ биылғы жылдың тоғыз айында еш жерде «Көшiп келген ағайынсың, көшi-қон заңында сенiң мынадай мүмкiндiгiң бар» деп бiрде-бiр аудан әкiмi шақырып, оралмандарға жердi пайдалану құқығын берген емес», — дедi ол.