
Жер жәннаты саналатын Жетісудың ең көрікті мекендерінің бірі – Көлсай көлдері. Тау баурайындағы әсем табиғатты тамашалауға алыс шетелден мыңдаған турист ат басын бұрады. Отандық туризмді дамытуға үлес қосып отырған таңғажайып мекен туралы біз «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Әділхан Батановтан сұрап-білдік.
Jas qazaq: Бүгінде отандық туризмді дамытуға баса назар аударылуда. Әсіресе, жұрттың ықыласына бөленген туристік мекеннің бірегейі – Көлсай көлдері. Осы орайда ұлттық парк қандай жобаларды бекітті? Жалпы туризмді дамыту аясында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Ә.Батанов: Қазақстандағы ішкі туризмнің бағыты сан алуан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Туризм түрлеріне келсек, әлемде этнографиялық және саяхатшылық туризм кеңінен тараған. Экотуризм Ұлттық парктерді, Көлсай көлдерін, Қайыңды көлін, Шарын шатқалын, Іле Алатау ұлттық паркін қамтиды. «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі аумағындағы Көлсай және Қайыңды көлдері – туристер көптеп келетін аумақ. Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болып тұрған Дінмұхамед Қонаевтың арқасында өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап, Көлсай көлдері танымал бола бастады. Бір емес, бірнеше рет осы жерге келіп, дәл сол кісі «Көлсай көлдері» деп атады.
«Көлсай көлдері» МҰТП-нің аумағының көптеген бөлігі «жабайы табиғат» күйінде жақсы сақталған. Сол себепті мұндай жерлерге бүгінгі күнде дүниежүзілік қызығушылықтар артуда. Осыған орай ұлттық парктің қызметі бүлінбеген табиғи ортаны сақтауға, әлемдік маңызы бар табиғи-тарихи кешендерді қорғауға бағытталған. Бұл болашақта ұлттық парк аумағында туристік рекреациялық қызметтің дамуына, әлемдік деңгейдегі биосфералық ғылыми тұрғыда зерттеулер жүргізуге, ғаламдық табиғи өзгерістерді бақылауға мүмкіндіктер туғызады.
«Көлсай көлдері» МҰТП республикалық мемлекеттік мекемесі туристік инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарына сәйкес жұмыстар атқарады. Бас жоспарға сәйкес, ұзақ мерзімді пайдалануға берілген жер учаскелерінде 3 жерде визит орталығы, глэмпингтер, кемпингтер, қазақ ауылы, автотұрақ орындары, алғашқы медициналық көмек көрсету орындары, сауда орындарын салу жоспарланған. Осыған орай инвесторлар тарту мақсатында 2021 жылы тендер өткізіліп, онда «Атырау-Рент» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Қазіргі кезде Төменгі Көлсай көлінің маңынан визит орталығын салу жұмысы басталған.

Ұлттық парк жыл сайын туристік соқпақ бойларын абаттандыру, тамашалау, демалу алаңқайлары, шатыр тігетін орындарын, ақпараттық белгілер орнату жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді.
Jas qazaq: Ұлттың парктің негізгі бағыты – экотуризмді дамыту екенін білеміз. Осы ретте қызмет көрсету сапасын арттыру, табиғатты ластамау, ондағы сұлулықты сақтап қалу жағына тоқталып өтсеңіз.
Ә.Батанов: Ұлттық парк аумағы таулы жер болғандықтан, мұнда экотуризмді дамыту – басты бағыттардың бірі. Табиғатты ластамау, сұлулығын сақтау, жанашырлықпен қарау – табиғат аясында демалуға келген әрбір адамның азаматтық парызы. Бұл мақсатта экологиялық ағарту шараларының алатын орны ерекше. Ұлттық парк қызметкерлері бұл бағытта орасан жұмыстар атқаруда. Дегенмен азаматтардың туристік мәдениетінің қалыптаспауы, жанашырлықпен қарамауы дейміз бе, көптеген келеңсіздіктер орын алып жататыны жасырын емес. «Өрт – тілсіз жау» десек, белгіленбеген орындарда от жағу, белгіленген маршруттардан ауытқу, балық пен аңды заңсыз аулау, қатты шу шығаратын аппараттарды пайдалану секілді жағдайлар кездесіп тұрады. Сол себепті, әсіресе, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, олардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыру мақсатында жылма-жыл өткізілетін «Парктер шеруі» атты табиғатты қорғау акциясының алатын орны ерекше. Мұнда мектеп қабырғасындағы оқушыдан бастап жоғары оқу орнының студенттері, жергілікті тұрғындар арасында кең көлемде экологиялық шаралар ұйымдастырылады. Белсене атсалысқандар арнайы марапаттарға ие болады.

Jas qazaq: Соңғы бес жылда «Көлсай» көлін тамашалауға қанша турист келді? Жалпы бұл мекенге туристерді тарту мәселесі қалай жүзеге асады?
Ә.Батанов: 2018 жылы Алматы – Көлсай тас жолының Көлсай демалыс орнына апаратын бөлігі күрделі жөндеуден өткенен бері туристер мен демалушылардың саны 2-3 есеге артты. Пандемияның да әсері ішкі туризмді дамытуға үлкен септігін тигізді. Бүгінгі күнде Көлсай және Қайыңды бағыттары бойынша 20-ға тарта туристік фирма ұлттық паркпен бірлескен келісімдер негізінде демалушыларды жеткізумен айналысады. Қазақстандағы ең үлкен мегаполис Алматы қаласы десек, Алматы – Көлсай автожолының жақсаруы салдарынан бір күндік турлардың саны көбейді. Әрине, демалушылардың көптеп келуі өз кезегінде біраз қиыншылық туғызатыны рас. Сол себепті басқа да туристік маршруттарды ашу, сол маршруттарға баруды ұсыну жұмыстары жүргізіліп келеді. Демалушыларға қолайлы маршруттардың тағы бірі Саты сайы болса, осы жылы онда апаратын автожолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өзінің ерекше табиғатымен қызықтыратын Күрметі ауылына апаратын автожолдың құрылысы аяқталып келеді. Жол құрылысы аяқталған соң Көлсай, Қайыңды демалыс орындарындағы рекреациялық жүктелім неғұрлым азаятыны сөзсіз.
Қоршаған ортаны қорғау, экологияны сақтау шаралары бүгінде орман шаруашылығы мекемелерінің басты міндеттерінің бірі болса, онда орман – тоғайымызды антропогендік әсерлерден қорғау үшін аумаққа келушілердің санын дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, шектеу шараларын енгізу қажет.
Сөз соңында Ұлттық парк әкімшілігі қоршаған ортаны қорғау, экологияны сақтау шараларын қатаң сақтай отырып, өз жұмысын ойдағыдай атқарып отырғанын айта кетейін.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева