
Шымкент қаласында 2020 жылы 39 көше жарықтандырылып, көше шамдарымен қамту көрсеткіші 24 пайыздан 29,5 пайызға өскен. 2021 жылдан бастап қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында 104 көшеге жарықшам қойылды. Нәтижесінде бүгінде 747 көшенің 324-і жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызға жетті. Қосымша 12 көшенің жарықшамы қайта жөндеуден өтті.
Биыл да мемлекеттік-жекешелік жоба шеңберінде 102 көше жарықтандырылады. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жыл соңына дейін жүргізіледі. Нәтижесінде осы жылы Шымкент көшелерінің 57 пайызында түнгі жарық шамдары жарқырап тұрады.
Ал, 2023 жылы қаланың энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы 106 көшені жарықтандыруды жоспарлап отыр. Жұмыс нәтижесінде қамту көрсеткіші 70 пайызға өспек.
Сонымен қатар, аталған басқарма қала тұрғындарын кәрізбен қамту көрсеткішін де көтеруді жоспарлаған. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы тұрғындарының 54 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. Биыл бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу, яғни қосымша 65 мыңға жуық тұрғынды қамту жоспарланған. Қазір осы мақсатта 20 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жыл соңына дейін Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік шығыс, Хлопзавод-Шолохов, Жұлдыз елдімекендері кәріз жүйесіне қосылады. Асар-2, Тассай, Тұран ішкі жүйелер, Достық, Қайтпас-2, Солтүстік-Батыс шағын аудандарындағы құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталады.
Жыл соңына дейін Достық КНС (қайта құру), Арғынбеков коллектор, Тұран ішкі магистрал, Бозарық 74 га аумақтағы құрылыс жұмысы аяқталады.
Нұртас, Тараз шаңын ауданы, Айша бибі көшесі, 112 орамда кәріз жүйесінің құрылысы осы жылы басталады.
Жалпы, Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу жоспарға қойылған.