
Шымкентте 2021 жылы 309,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, осы жылы жалпы 361,1 шақырымды құрайтын 190 нысанға жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде: құрылыс және қайта құру жұмыстары 67,4 шақырым жолға жүргізіледі, күрделі жөндеуден 19,3 шақырым жол, орташа жөндеуден 261,1 шақырым, 122,7 шақырым жолға шағал тас төсеу жұмыстары жыл соңына дейін атқарылады.
Бұл туралы қала әкіміне есеп беру барысында жол көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов баяндады.
Биылғы жартыжылдық қорытындысымен 91 нысан немесе 188,3 шақырым көшеде жөндеу жұмыстары аяқталып пайдалануға тапсырылды. Оның ішінде 19,3 шақырым күрделі жөндеу, 169 шақырым орташа жөндеу, 10 шақырым магистралды көше, 159 шақырым ішкі орам көшелері.
Жыл соңына дейінгі жоспарлы жұмыстардың аяқталуы нәтижесінде қала аумағындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға жететін болады.
Шаһарда автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 247,6 шақырымды құрайды. Қазір 347,8 шақырым болған көшеде жөндеу жұмыстары атқарылуда. Жыл соңына дейін 271,1 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде қаладағы жақсы және қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесі 67,4 % құрайды. Ал, 2025 жылға көрсеткішті 79 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Қалада жалпы 1000 автобус бар. Соның 640-ы газ-метанмен, дизельмен жүретіні 360 көлік. Қазір 78 бағытта 789 кестемен 12 тасымалдаушы компания қызмет көрсетеді. Әлеуметтік мәні бар бағыттар саны 64 құрайды.
Электронды «Төлем» жүйесі бойынша 240 мың төлем карта сатылып, қазіргі уақытта жасалатын транзакция 300 мыңнан кем емес.
Ал, Ikolik қосымшасына қоғамдық көліктің 90% ендірілді. Қазір қосымшаны 200 мыңнан астам тұрғын қолдануда.
Тоқтар Жақаш