
Шымкентте Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 1 маусым балаларды қоғау күніне орай «Балалық шақ – бақытты аспан астында» атты қайырымдылық концерті өтті. Концерт қоғамдағы ерекше балалардың және олардың ата-анасының көңіл-күйін көтеру және дарынды бүлдіршіндерді көпшілікке таныту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
–Халықаралық балаларды қорғау күні – бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап ғана қоймай, олардың құқығын қорғап, қамқор болуға үндейтін күн. Бүгінгі концертке «Жігер» қоғамдық бірлестігі мен №7 оңалту орталығының бүлдіршіндері қатысты. Концерттік бағдарлама барысында балаларға көтеріңкі көңіл-күй, ерекше сыйлықтар сыйлап, тәттілермен қуантпақпыз. Әл-Фараби ауданында 180 мүмкіндігі шектеулі бала бар, — дейді Әл-Фараби аудандық жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің маманы Қайыржан Қайратұлы.

Игі шаралардың үнемі басы қасынан табылатын «Жігер» қоғамдық бірлестігі алдағы уақыттада қайрымы мол істен қол үзбек емес. Көмек сұраған жанды қолдарынан келгенше демеп жіберуге тырысатын бірлестік өкілдері бүгінге дейін талай баланың қуанышына себеп болған. Сонымен қатар, салтанатты шара барысында демеушілердің қолдауымен ерекше балаларға базарлық үлестірілді.

–Бүлдіршіндердің жүзінен күлкі көру – біз үшін бақыт. Осы мақсатта игі бастаманы қолдап, бірқатар азаматтар бүгін салтанатты шараға қатысып, өз үлестерін қосты. Олардың балаларға деген қамқорлығы ерекше қуантып отыр, -дейді іс-шара демеушілерінің бірі Айгүл Кеңесқызы. Әуезді ән шырқалып, мың бұралған бишілердің өнеріне тәнті болған балалар мерекелік концерттен ерекше көңіл-күйде тарқасты.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, Шымкент қаласында 37 337 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде 6 844 -і 18 жасқа дейінгі балалар.

Сонымен қатар ерекше балалар «Аялы алақан» №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ақысыз ем қабылдайды. Бұл орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар 18 жасқа дейінгі балаларға жартылай стационарлық жағдайда әлеуметтік, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, құқықтық қызмет түрлері көрсетіледі.
Тоқтар Жақаш