
Коронавирус инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның шешіміне байланысты 3 желтоқсаннан бастап Египетке рейстер тоқтатылады, Air Astana Шарм-эль-Шейхтен Қазақстанға 7 репатриациялық рейсті орындауды жоспарлауда.
Атап айтқанда, Шарм-эль-Шейх-Алматы бағыты бойынша 3, 5, 6, 8 желтоқсанда және Шарм-эль-Шейх-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша 3, 4, 7 желтоқсанда репатриациялық рейстердің орындалуы жоспарланып тұр.
Бұл рейстерге көп келмеген жағдайда, репатриация рейстерінің саны қысқартылуы мүмкін. Қазіргі уақытта, Air Astana 8 желтоқсанға дейін Мысырдан Қазақстанға 1300 қазақстандық жолаушыны қабылдауды жоспарлап отыр. 3 желтоқсанда немесе одан кейін рейстерге билет сатып алған жолаушылар билет құнын толығымен қайтаруға құқылы.