jasqazaq.kz

Қазнеттегі алаяқ букмекерлерден қалай қорғану керек?

26 қараша 2021, 11:34

Тыйым салынған сайттар бизнесін қалай жүргізеді? Неліктен олар мемлекет тарапынан бұғатталмайды? Олардан қалай қорғануға болады? Қазақстандағы Өзін-өзі реттеуші букмекерлер ұйымының директоры Ғалымжан Дуамбековпен әңгіме осы мәселе төңірегінде өрбіді.

– Ғалымжан, біздің елімізде шетелдік букмекерлердің еш тіркеусіз және лицензиясыз, яғни заңсыз жұмыс істеп жатқаны рас па?

– Иә, дәл солай. Тек заңсыз букмекерлер ғана емес. Сондай-ақ отандық ғаламтор бөлігінде көптеген онлайн-казинолар да жұмыс істеп тұр. Бұл сайттардың ешқайсысы Қазақстанның бюджетіне бір теңге де төлемейді. Оған қоса, клиенттерін алдап кетсе де жазаға тартылмайды. Ең жаманы, сол алдампаздарға қарап, біздің сала туралы жаңсақ пікір туындайды.

– Ал жұрт неге сол тексеруден өтпеген сайттарға жүгінеді? Өзімізде заңды түрде жұмыс істейтін сайттар, лицензиясы бар отандық букмекерлік кеңселер бар емес пе?

– Әдбетте, алаяқтар «керемет» акциялармен және анағұрлым тиімді шарттармен қызықтырады. Олардың коэффициенті жоғары. Спорт оқиғасына дәл болжам жасағандарға жоғары ұтысты уәде етеді. Неліктен олар осындай қадамға бара алады? Себебі олар Қазақстанда ешқандай салық төлемейді. Тіпті шетелде салық төлеген күннің өзінде оның көлемі сонша көп емес, тиын тұрады. Өйткені мұндай ұйымдар көбіне ошор аймақтарда тіркеледі. Ал офшорда салық жоғары емес. Салықтан үнемдеуіне қоса, олар қызметкерлердің айлығы, кеңсенің жалдау ақысы, ойын залдарына шығындалмайды. Міне, сондықтан да олар орасан ұтыс сомасын белгілейді. Кейде тіпті оны төлеп те жатады.

– Неге кейде дейсіз?

– Себебі ондай сайттардың бүкіл бизнесі алдап-арбауға құралған. Мақсат – неғұрлым көп адамды өз аккаунтына қаржы салуға ынталандыру. Біраз уақыт өткен соң ол сайт жоқ болып кетеді. Ал осы аккаунтқа бүкіл ақшасын салған адам (яғни бәс тігуді жүзеге асыру үшін өз есебіне аударған қаржыны) сан соғып қалады. Сіз ол сайттың ғайып болғанын көрген соң шарасыз күйге енесіз.
Сондай-ақ заңсыз жұмыс істейтін букмекерлер қазақстандықтарды «ұттың» деп деп жиі алдайды. Олар әдетте шағын көлемдегі ұтысты жылдам, сол мезетте төлеп тастайды. Соған қарап клиентте оларға деген сенім пайда болады. Келесі жолы одан да көбірек ақша салады. Ал егер адам көп ұтысқа кенелсе, оны алдап соғады. Төлем жасамайды. Түрлі сылтаумен бәс тігушінің аккаунтын бұғаттайды. Не болмаса, әлдебір тексерулерді айтып, уақытты созады. Ақырында ұтысты төлемес үшін клиентке қайдағы жоқ заң бұзушылық туралы айып тағып, кінәні өзіне артып шығады. Заң жүзінде адам оны дәлелдей алмайды. Өйткені сайт Қазақстанда тіркелмеген ғой. Ол бизнес-құрылым мүлде басқа жақта тіркеліп, біздің елімізде астыртын жұмыс істейді. Сондықтан сотта да, полицияда да шындықты таба алмайсыз. Сіздің шағымыңыз бойынша полиция Кайман аралдарында тіркелген бизнес-субъектіні жауапқа тарта алмайтыны белгілі. Әрі олардың басым бөлігі – бір күндік фирмалар.

– Сонда спортқа бәс тігуші мұндай алаяқтықпен айналысатын сайттарды қалай ажыратады? Заңсыз букмекерден қорғану үшін не нәрсеге назар аудару керек?

– Оны ажырату қиынға түспейді. Қазақстанда тіркелген букмекерлердің барлығы өз сайтында лицензиясын шығарып қояды. Әдетте, ол мағлұмат сайттың төменгі жағында тұрады. Оны оп-оңай табуға болады. Лицензия нөмерін электрондық үкімет порталындағы құжатқа қарап тексеру керек. Көптеген букмекерлік кеңселер осы құжаттың файлын (PDF-форматтағы) да орналастырады. Бұдан басқа, отандық букмекерлердің сайтында заңды тұлғаның мекенжайы, қолдау қызметіндегі операторлардың жұмыс телефондары көрсетіледі. Сондай-ақ мынаған назар аударыңыз: бұлар жергілікті стационарлық немесе мобильдік нөмерлер болуы тиіс. Украина, Ресей немесе басқа елдердікі емес! Электрондық пошта және кері байланыс та көрсетіледі.
Заңсыз букмекерлік кеңселердің немесе интернет-казиноның сайттарында мұның ешқайсысы да жоқ. Не болмаса, күмәнді мәліметтерді көресіз. Мәселен, заңсыз букмекердік кеңселер басқа мемлекеттің лицензиясын орналастырады. Көп адам оған көңіл аудармайды, бұл дұрыс емес! Бәс тігуші міндетті түрде лицензияның қазақстандық екеніне көзін жеткізуі керек. Тек сонда ғана ол өзін заң шеңберінде қорғай алады.

Күдік тудыратын тағы бір маңызды белгі бар. Бұл – қазақстандық букмекерлермен салыстырғанда, анағұрлым қолайлы да тартымды шарттардың ұсынылуы. Адам сенгісіз жоғары коэффициент немесе «ғажап» бір сыйлық болуы мүмкін. Мәселен, қандай да бір акция шеңберінде сізге Лос-Анжелестен немесе Манхэттеннен пәтер, тіпті 20 млн доллар тұратын яхта ұтасыз десе, сөзсіз, ол – алаяқтардың сайты.

– Мемлекет тарапынан осы интернет алаяқтарға тосқауыл қоюға болатын шығар?

– Қазір біздің Өзін-өзі реттеуші бекмекерлер ұйымы құзырлы органмен (мәдениет, туризм және спорт министрлігі) тығыз серіктестікте осындай сайттарға қарсы белсенді түрде күрес жүргізуде. Біз министрлікке, сондай-ақ, Қазақстандағы киберқауіпсіздікке жауапты органдарға өзіміз анықтаған барлық мағлұматты ұсынамыз. Осы кезге дейін үш тізімді, жалпы алғанда, Қазнетте заңсыз бетиинг және гемблингпен айналысатын 250-ден астам сайттың тізімін бердік. Өкінішке қарай, оларды бұғаттау тым баяу жүріп жатыр.

– Оған не себеп?

– Мына мәселе қиындық туғызады: мемлекеттік органдар ондай сайттарды жабуға кем дегенде бір апта жұмсайды. Ал олардың «айна» деп аталатын сайтын іске қосуға бір-екі сағат жетеді. Олар соны жолға қойған. Соның нәтижесіннде заңсыз сайттарға қарсы күрес Дон Кихоттың жел диірменнің күресін елестетеді. Мемлекет заңсыз букмекерлік кеңселер мен онлайн-казино сайттарды жауып үлгере алмайды.

Осы орайда реттеуші және регламент базасының мәселесін айта кетейік. Қолданыстағы нормалар онлайн-букмекерлерге (онлайн-казиноға мүлде рұқсат жоқ) лицензиясыз жұмыс істеуге тыйым салғанымен, бұл құрылымдарды бұғаттауда тиімді механизмдерді ұсынбайды. Оларды тауып, заңсыз екенін анықтауға тым көп уақыт кетеді. Алаяқтар соны пайдаланады. Оларға, тағы да қайталап айтамын, айна-сайтты ашу үшін бір-екі сағат жеткілікті. Ал оны бұғаттауға аз дегенде бір апта керек.

Қазір мәдениет, туризм және спорт министрлігі мұндай заңсыз құрылымдарға қарсы тиімді іс-қимылды қарастыратын заң жобасын дайындау үстінде. Біздің де осыған қатысты бірқатар ұсынысымыз бар. Мәселен, біз алаяқтар ақша аудару үшін пайдаланатын қазақстандық төлем жүйелерін (Asia Pay, Wallet One т.б.) қолға алу қажет дейміз. Неліктен отандық төлем жүйелері заңсыз сайттармен жұмыс жүргізеді? Мемлекет оларға бізде жұмыс істеуге тыйым салынған ресурстардың «қара тізімін» ұсынса, қаржы ағымына тосқауыл қоюға болар еді. Сонда әлгіндей алаяқтардың Қазақстанда бизнес жүргізуі сап тиылады. Сол сияқты қазақстандықтардың шетелдік агентке қаржы аударуын жүзеге асыратын екінші деңгейлі банктерге де осы шараны қолдану қажет. Белгілі бір контрагенттер тобымен жұмыс істеуге тыйым салу керек, бітті! Қысқасы, қазақстандық нарықта заңсыз жұмыс істейтін шетелдік букмекерлерге тосқауыл қоюдың нақты тетіктері бар. Тек оларды әбден жетілдіріп қолданған жөн.

Ал әзірге біз беттингсүйер қауымды, сондай-ақ спортқа және спорт оқиғасына бәс тігуге қызығатын жандарды барынша сақтық танытуға шақырамыз. Өзіңіз жүгінетін сайттың букмкерлік қызметке қазақстандық лицензиясы бар-жоғын міндетті түрде біліп алыңыз. Тек сонда ғана сіз өз қаржыңызды сақтай аласыз.

Олжабек Байқуатов

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде