
16 қарашада Армения мен Әзірбайжан шекарасында ірі қақтығыс болды. Екі жақта да қаза тапқандар мен жараланғандар бар, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Қақтығыс кезінде тараптар авиациядан басқа әскери техниканың барлық түрін пайдаланған.
Армения сыртқы істер министрлігі Әзірбайжан қарулы күштері шекараның шығыс бөлігіндегі елге басып кіргенін хабарлады.
Әзірбайжан қорғаныс министрлігі өз кезегінде Армения қарулы күштерін Армения-Әзірбайжан шекарасындағы жағдайды ушықтыру мақсатында «тағы бір арандату әрекетін» жасады деп айыптады.
«Әзірбайжанның қарулы күштері шұғыл әскери операция жүргізді», — деп хабарлады Әзірбайжан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
«Біріншіден, жаудың қозғалысы шектелді, қарсыластың күштері мен құралдарына зиян келтірілді. Қабылданған шешуші шаралардың нәтижесінде армян әскерлері қарусыз қалып ұсталды, әртүрлі қару-жарақтары алынды.
Ауқымды арандатушылық арқылы қысқа мерзімде жеңіске ұмтылған армян әскери бөлімшелерінің шабуылы, жедел-тактикалық тұрғыдан толық сәтсіздікке ұшырады, ал ресми Ереванның арандатушылыққа барудағы кезекті әрекеті сәтсіз аяқталды», — деді haqqin.az порталы.
Ресей Қорғаныс министрлігі соғыс министрі Сергей Шойгу мен оның армян және әзірбайжан әріптестерінің телефон арқылы сөйлесуінің нәтижесінде тараптар шайқасты тоқтатқанын хабарлады.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян сейсенбі күні кешке Армения-Әзірбайжан шекарасында қазір салыстырмалы түрде тыныш екенін, бірақ жағдай шиеленісіп тұрғанын айтты.
Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен Пашинян шекарадағы соңғы оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндап, «Әзірбайжан күштерінің әрекеті Арменияға қарсы агрессиядан басқа ештеңе емес» деп баса айтты.