
Олимпиада жеңімпаздарына берілетін сыйақы доллармен емес, теңгемен өлшену керек еді. Ақордада өтіп жатқан үкіметтің кеңейтілген отырысында ақша-кредиттік саясат жөнінде баяндаған Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев сананы долларсыздандыруға қатысты осылай реніш білдірді.
«Долларсыздандыру шаралары бойынша нақты қадамдар қабылданды. Мысалы, интернет-сайттарда жылжымайтын мүлік пен автокөлік бағасын теңгеден басқа валютада көрсетуге тыйым салынды. Тауарлар мен қызметтер бағасын, әсіресе, жарнамада көрсеткенде шетел валютасын пайдалануға тыйым салуды жалғастыру қажет», – деді Ақышев.
Оның пікірінше, ұлттық валютамен өлшеуге келмейтін немесе елдер арасында салыстыру қажет болған жағдайды есепке алмағанда, мемлекеттік органдардың баяндамасы мен ақпараттарында шетелдік валютаның кез келген баламасын қолдануға тыйым салу керек.
«Сананың долларланып кеткеніне Олимпиада жеңімпаздарының сыйақысын шетелдік валютамен көрсету мысал бола алады, біз оны теңгемен де бере алатын едік. Теңгемен өмір сүру және ойлауға тырысу мақсатты ақпараттық бағыттардың бірі болуы тиіс. Біз оны президент Әкімшілігі және үкіметпен біріге отырып, іске асыруға дайынбыз», – деп қосты Ұлттық Банк төрағасы.