
Компания банкротқа ұшыраған жағдайда өндірістік жарақат алған мүгедектің өтемақысын қай мекеме төлеуі керек? Осыдан 35 жыл бұрын зауытта бір қолынан айырылған Талдықорған қаласының тұрғыны Хандәулет Үсекбаев осы сұраққа жауап таппай, КТК телеарнасының «Дау-дамайсыз» бағдарламасынан көмек сұраған еді.
Оқиға былай болған. Талдықорған қаласының тұрғыны Хандәулет Үсекбаев 1985 жылы «Береке» агрофирмасының жеміс-көкөніс зауытында өндірістік жарақат алып, қолынан айырылады. Түнгі сағат он бірде, жұмыстың аяқталуына жарты сағат қалғанда станокқа жеңі ілініп, конвейер орап кетеді. Үш күннен кейін бас дәрігер «жарақатың іріңдеп кетпей тұрғанда кесу керек» депті. Әке-шешесі амалсыз рұқсатын береді. Зауыттағы оқыс оқиға 17 жастағы Хандәулеттің боксшы боламын деген арманын ұрлады. Сол кезде зауыт басшыларының «өмір бойы өтемақы төлейміз» деген бұйрығы шығады. Алайда 2002 жылы зауыт банкротқа ұшырайды. 2012 жылға дейін зауыт алдын ала он жылдық өтемақысын төлепті. 2012-ден бастап тоқтаған. Зейнетақы тағайындау бөліміне, еңбек инспекциясына барады. Ондағылар: «Зауыт жоқ, ешкімге шағымдана алмаймыз. Зауыт жұмыс істеп тұрып төлемесе, әңгіме басқа» депті. Хандәулет Үсекбаев енді өтемақысын кімнен талап ететінін білмейді. Үш баланың әкесі, отбасының асыраушысы қол қусырып отыра алмайды. Бір қолымен ағаш жарады. Жұбайы Айманның айтуынша, ері үйдің шаруасын тындырып жүретін еңбекқор жан. «Жұмыссыз, қатты қиналған кездер болды. 2001 жылы зауыт тиесілі ақшасын төледі. Он жылға 230 мың теңге алдық. Сосын зауыттың жұмысы тоқтады. Кімге барып, кімнен сұрайды?
Еңбек инспекциясына барды. Ешқандай шешім болмады. Отыз үш мың теңге ақша ма, киінбейміз бе, тамақ ішпейміз бе?» – дейді күйзеліп.
1985 жылы мүгедек атанғаннан кейін қолына 186 сом тиетін. Оның 60 пайызын зауыт, мүгедектігі үшін 40 пайызын мемлекет төледі. Қазір зауыттың «өмір бойы төлейміз» деген қағазы жарамсыз болып қалған.
Біз Хандәулет аға еңбек еткен зауытқа бірге бардық. Алып нысанда бұрынғыдай қарбаласқан тіршілік жоқ. Кафелер, дүкендер, көлік жөндейтін нысандар қаздай тізіліп тұр. Карантин тұсында бәрі жабық. Бұрынғы зауытты таппадық.
Хандәулет аға протезін көрсетті. Иілмейді, зілдей. 35 жыл бұрын Семей протез зауытында жасалған. «Салмағы 3900 кило, ауыр. Таққан жоқпын» дейді.
Біз өтемақы дауымен құзырлы орындарға аттандық. Талдықорған қаласы зейнеткерлікті тағайындау бөлімінің есігін қақтық. Бұл мекеме ғимараттың екінші қабатында. Лифт, пандус жоқ. Қарттар, дімкәс немесе мүмкіндігі шектеулі жандардың бұл мекемеге қалай кіріп-шығатынын көзге елестете беріңіз.
Талдықорған қалалық зейнетақы тағайындау бөлімінің басшысы Гүлсара Тоқтарқызына сауалымызды қойдық:
– Компания банкротқа ұшырады. Оның орны да жоқ. Енді бұл кісіге ешкім өтемақы төлемейді. Не істеу керек?
Гүлсара Тоқтарқызының бізге берген жауабы мынадай:
– Меніңше, бұл кісіге облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы еңбек дауларымен айналысатын бөлімге бару керек. Бұл мәселе біздің құзырымызға жатпайды.
Одан әрі Талдықорған қалалық медициналық әлеуметтік сараптамалық орталығының бөлім басшысы Гүлайым Қозыбаеваға жүгіндік. Ол базаны ашып көрді де: «Бұл кісіге өмір бойына үшінші топтағы мүгедектік тағайындалған. 1985 жылы шешілген, солай қалады, – деді.
Бұдан кейін Алматы облыстық еңбек инспекциясы басқармасына бардық. Алматы облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Орманов:
– 2002 жылы жабылып кеткен мекемеге біз қалай тексеріске барамыз? – деп өзімізге сауал тастады.
– Сонда бұл кісілердің құқығын кім қорғайды?
– Сот органдарына бару керек.
– Сіз еңбек инспекциясының маманысыз. Сотқа барғаннан кейін әрі қарай бұл мәселе қалай шешіледі? Құқығын қалай қорғай алады? Кім төлейді? Бұл кісіге мемлекеттен өтемақыны қай мекеме төлеуге міндетті ?
– Ол жағына мен сізге жауап бере алмаймын. Жоқ мекемені қайдан табамыз? – деді бөлім басшысы.
«Жығылған күреске тоймас» дегендей Талдықорған қаласындағы Мүгедектер қоғамына бардық. Ұйым мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғайды. «Ерлік» мүгедектер қоғамдық ұйымның төрайымы Роза Ақжеркенова:
– Өкінішке қарай, жұмыс орны банкротқа ұшыраса, ешқандай құқығы жоқ. Ол тек үкімет тарапынан жәрдемақысын, яғни 33 мың теңге алады, – деп түсіндірді.
– Бұл кісі үшінші топтың мүгедегі. Бір қолы жоқ. 33 мың теңге алады. Соған күн көруге бола ма?
– Оған күн көре алмайды. Барлығы қымбат қой.
Роза Ақжеркенова: «Бірінші, екінші топтағы өмір бойы мүгедектік тағайындалған адамдар үй кезегіне тұрады. Он жыл, он бес жыл өтсін, ол пәтер алады. Үшінші топ бұл тізімге кірмейді. Бізде протез өндірісі де мәз емес. Мына шетелде көресіз ғой, протезбен билеп те жатады. Суға да түсіп жатады. Бізге суға түспек тұрмақ, жүргенімізге тәубе дейміз. Протез киген соң жараға айналып кетеді. Ондай жұмысшы ешкімге қажет емес», – деп тағы бір түйткілдің басын ашты.
Әрмен қарай Алматы облысының жұмысты үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына келдік. Осы жерден бұл түйіннің шешімін табамыз деген үміт бар.
Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұрат:
– Банкроттыққа ұшыраған заңды тұлғалардың тек қана өндірістік жарақат міндеттемелері мемлекетке жүктеледі. Сол үшін алдымен заңды тұлғаның бүгінгі күнгі жағдайын тауып алуымыз керек. Содан кейін бұл жұмысты бастауға болады. Егер керек десеңіздер, біз өзіміздің құзыретіміздегі мәселені қарайық. Ол кісімен жолығайық, – деді.
Басқарма басшысының айтуынша, зауыттың Хандәулет ағаға ешқандай берешегі жоқ. «Зауыт бәрін дұрыс жасап кеткен. Олар 70 жасқа дейін төлеуге міндетті емес. Заң бойынша олар барлық талаптарды орындаған. Заңда олар он жылға капиталдандыру жасайды деп жазылған. Олар 10 жылға капиталдандыру жасады», – дейді Маржан Мұрат.
Ал мемлекет оған 17 жылдан кейін ғана өтемақы төлейді. Хандәулет аға қазір 53 жаста.
– Бұл кісі сотқа шағымданып, талап етсе, осы сіз берген жауапты айта ма?
Маржан Мұрат: «Осы мен берген жауапты айтады. Бұл кісінің өзінің құқығы бар. Сотқа жүгінуге. Бірақ менің ойымша, таратылу алдында бұл заңды тұлға өзінің міндеттемесін заңға сәйкес орындап кеткен. Жабылғанда да сот арқылы жабылған. Мүгедектік мемлекет тарапынан бекітіліп берілген. Қайта қарауға негіз болса, оған қиындық жоқ. Біздің басқарма мұнымен айналыспайды. Бірақ заңгер ретінде негізгі нормативті заң талаптарын қарап бере аламын. Қазір басқарманың құзырында протезбен қамту, шипажайға жолдама алып беремін», – деді.
Протез, шипажайға жолдама алу үшін медициналық тексеруден өту керек. Сондықтан Хандәулет аға медициналық сараптамадан өтеді. Сараптамадан өту үшін жергілікті дәрігерлерден жолдама алу керек. Бірақ Өтенай ауылдық амбулаториясы кейіпкерді қабылдаған жоқ. Ешқандай жолдама бермеді. Қалалық емханаға жіберді. Емхана әкімшілігі травматолог дәрігерді шақырған соң, мәселе қас-қағым сәтте шешілді.
Талдықорған қалалық емханасы директорының орынбасары Роза Әжіхановадан: «Протезге тапсырыс беру үшін неше күн зерттеуден өту керек?» – деп сұрадық.
– Бұл кісі протезге тапсырыс беру үшін травматологқа келеді. Травмотолог қарап, бәрін 088У деген форма бар. Бүгін сол құжатты толтырып, медициналық сараптама орталығына жолдама береміз, – деп жауап берді.
Обалы не керек, басқарма жазда шипажайға жолдама беріпті. Ал протездің қашан берілетіні белгісіз. Құзырлы орындар кейіпкердің түйткілін тарс ұмытқандай. Хандәулет ағамен түсірілімді былтыр қыркүйек айында бастап едік. Содан бері 5 ай өтті. Мәселе шешілген жоқ. Себебі үкіметтің қаулысына сәйкес, өндірістік жарақат алғандарға 70 жасқа толғанша ешқандай өтемақы төленбейді. Ол үшін қаулыны өзгерту керек. Хандәулет аға «Жетпіс жастан асқаннан кейін маған қажеті қанша? Қазір балаларды өсіру керек» деп қынжылады.
2011 жылы 25 мамырда шыққан қаулыға сәйкес, өндірістік жарақат алғандар 70 жасқа дейін ешқандай өтемақы алмайды. Осы мәселеге қатысты Парламент мәжілісінің депутаты Ғазиз Құлахметке өтініш білдірдік. Ғазиз мырза мәселенің анық-қанығын білу үшін Нұр-Сұлтаннан Талдықорғанға ұшып келді.
Ғазиз Құлахмет, Мәжіліс депутаты: «Парламент қабырғасында жеке санаттағы адамдардың мүгедектігі бойынша жаңа заң жобасының баптарына толықтырулар мен өзгертулер жасалмақшы. Қазір жұмыс тобының арнайы отырысы өтіп жатыр. Өзіңіз сияқты адамдардың проблемасын көрсету жұмыс тобында қаралған. Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Әукенов мырзаға айтып жатқан дүниелеріңізді естіртіп, жалпы үкіметтің позициясын білмек ойымыз бар. Мен депутаттық сауалымды осы мәселеге арнамақпын. Заң қабылдаудың нормаларының ішкі ерекшеліктері, өз заңдылықтары бар. Уақыт керек. Мамандарды шақырып, бұл істің неге бұлай қалыптасқанын, қабылданған кезде қандай себептер болғанын аражігін ашып алу керек. Мәселе оң шешіледі деген үміттемін. Аманатқа қиянат жоқ. Мәселені шешуге бар мүмкіндіктерімді пайдалануға уәде беремін», – деді.
Депутаттың осы сөзін естіген Хандәулет аға алдағы күнге үмітпен қарайды.
Жазира Бегалы,
журналист