jasqazaq.kz

Әл Фараби: шығыс пен батыстың «екінші ұстазы»

02 қазан 2020, 10:42

Биыл ЮНЕСКО ұйымы «екінші Аристотель» мәртебесіне ие болған әмбебап ғалым, алып тұлға, қазақ жерінің тумасы Әбу Насыр Әл Фарабидің туғанына 1150 жылдық мерейтойын атап өтпек. Осыған орай, ғұлама ғалымның өмірінен бірқатар қызықты деректерді атап өткім келеді.

Біріншіден, өмірбаянына сүйенсек, білімге деген құштарлық бұл кісінің қаны мен рухына әбден сіңген көрінеді. Ежелгі Фараб-Отырар жерінде туған ол қарапайым тұрғынның уайым-қайғысыз тіршілігін кешудің орнына, қиындық пен алыс сапарға толы тағдырды таңдайды. Шәкірттік жылдарында Ташкент, Самарқан бен Бұқара, одан кейін Бағдат, Дамаск қалаларында болып, біраз уақыт Мысыр елінде қоныс тепкен деседі. Сириядағы алғашқы жылдары ғалым күнкөріс қамымен қарауыл болып жұмыс істеген, ал өзі сүйген ғылыми қызметін түнгі уақытта ғана атқара алған екен. Десе де, Әл Фараби ұстаздың шығармашылығын зерттеген ғалымдар бірауыздан оның ғылыми үлесі Батыс пен Шығыстың білім жауһарлары қазынасына енгенін атап өтеді. Әл Фараби – алғашқы дипломат, яғни халықаралық дәрежедегі қайраткерлердің бірі болған десек те қателеспейміз. Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атағының астары да осында.

Екіншіден, Әл Фарабидің ғылыми қызығушылықтар тізімі де таң қаларлық. Ең бастысы – пәлсападан бөлек, жаратылыстану ғылымдары, музыка, филология, тарих, математика, астрономия, тағысын тағысы… Ол кезде ғылым ұғымының өзі енді пайда бола бастаған дәуір, ғылыми дереккөздер жоқтың қасы… Соның өзінде Әл Фараби философиялық трактаттармен қатар, музыкалық өнер, тарих, математикадан бірсыпыра оқу құралдарын қалдырды. Бір қызығы, олардың көбі қазіргі күнге дейін маңызын жоғалтпаған. Мәселен, «Парасатты шаһар тұрғындары туралы» еңбегінде тіпті бүгінгі коучтар мен лайф-мотиваторлардың өзі біраз іліп аларлықтай дүние табуына сенімдімін. Тек атаулары мен сөйлемдерін сәл «жаңартып», заманауи тілге келтіріп қойса болды…

Үшіншіден, Әл Фарабидің зор талант иесі болғанымен, ол жазған кітаптардың өзектілігіне қарамастан, осы күнге дейін ғалымның өнері мен ғылыми тұжырымдары толық дәрежеде зерттелмей келеді. Бір жағынан, оған ұстаздың шығармалары әлем бойынша жан-жаққа таралып кетіп, ондаған елдің кітапханаларында сақталып жатқаны да себеп болар. Әрине, қазір жыл сайын конференциялар мен симпозиумдар, халықаралық деңгейдегі шаралар өткізіліп жатқанымен, жалпақ жұртқа Әл Фарабидің жазғаны мәлім емес. Уақыт өте, заман талабына сай ғалымның еңбектері цифрландырылып, қалың оқырманға жетсе екен деймін. Атаулары да сиқырлы әуен сияқты: «Білім маржандары», «Парасатты шаһар тұрғындары туралы трактат», «Көркем жазу кітабы»… Күндердің бір күнінде осы шығармалар барлық зиялы қауымға тиесілі құнды қазына атанатынына сенемін және асыға күтемін.

Бүгінгі күнде Әл Фарабидің ғылыми еңбектері, нақтырақ айтқанда, қолжазбаларының көшірмелері Ыстамбул мен Каир, Теһран мен Дамаск, Бағдат пен Бейрут қалаларында, сондай-ақ Лондон мен Берлин, Париж бен Лейден ғылыми орталықтарында сақталуда. 1990 жылы америкалық обсерватория ғалымның атын жаңадан ашылған астероидтардың біріне берген. Арнайы астрономиялық сайтта «№7057 астероид танымал ежелгі философ, ғалым және музыкатанушы құрметіне Al-Farabi атауын алды» деп көрсетілген. Ұстаздың өмірі мен шығармашылығына бірқатар әдеби шығарма арналған. Оның ішінде жерлесіміз Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың қайтып келуі» романы бар.

Қазақстан – көптеген танымал тұлғалардың атамекені. Олардың ішінде тарихымыздың алтын парақтарына енген «тұлғалардың тұлғалары» аз емес. Солардың бірі – Екінші ұстаз, ұлы ғалым Әбу Насыр Әл Фараби екеніне ешкім күмән келтірмес.

Албина Пірниязова,
ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының магистранты, Қызылорда облысы әкімі аппаратының бас инспекторы

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде