
Мұндай шешім бүгін Алматы қаласы ауданаралық тергеу сотында қабылданды.
Естеріңізге сала кетейік, ол 6 маусымда Алматыдағы рұқсат етілмеген митингке қатысып, полиция қызметкеріне қол көтерген болатын.
«Әсия Төлесоваға қатысты 10 тәулік қамауда ұстау бұлтартпау шарасын қолдану мақұлдансын. Қамауда ұстау мерзімі 8 маусымның сағат 21.25-тен бастап есептелсін», – деп судья Марал Жарылғасова шешімді жария етті.
Белсендінің адвокаттары шешімге 3 күннің ішінде шағымдана алады. Ал 10 тәуліктен кейін тергеушілердің қамауда ұстау мерзімін ұзарту жөнінде өтініш беруге мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда оны ұзарту не ұзартпау мәселесін сот шешетін болады.
Әсия Төлесоваға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бірдей бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Яғни, 378 бап – билік өкілін қорлау және 380 бап – билік өкіліне қатысты күш қолдану. Бұған дейін Ішкі істер министрлігінің ресми сайтында хабарланғандай, заңсыз митинке қатысқан Төлесова қызметтік міндеттерін орындап жатқан полиция қызметкеріне қарсы күші қолданды. Ал, оның заңға қайшы әрекеті бейнежазбаға түсіріліп, дәлел ретінде тіркелді.
8 маусым күні Төлесова күдікті ретінде Алматы қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. 9 маусымда хабарлама жасап, өрескел қылығын түсіндіруге тырысып-бақты. Әсияның айтуынша, ол полиция қызметкерлерінің әрекетіне ызаланып, эмоцияға беріліп кетіпті. Дегенмен, әлеуметтік желіде таралып кеткен бейнежазбаға көз жүгіртсек, Әсияның бұл сөзі сенімсіздеу көрінеді.
«Бейбит митингке шығамыз», «азаматтық құқықтарды қорғаймыз» деп жар салып жүрген белсенділердің басқа адамның құқығына нұқсан келтіруі қисынға келмейді. Мүмкін, Төлесова шынымен де ашу-ызаға беріліп, өзін-өзі ұстай алмай қалған шығар. Қалай болса да, заң алдында жұрттың бәрі тең. Мың жерден жақсы бол, бірақ заңды бұзған азамат заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуы тиіс.
Күлтегін Тұранұлы