
Алматыда жанармай құю бекетінде күзетші-кассирге қарақшылық шабуыл жасалды.
Әлеуметтік желілерде жанармай құю бекетіне жасалған шабуылдың видеосы тарап жатыр. Полицейлер бұл оқиғаның Алматыда болғанын растады. Төтенше жағдайдан кассир-күзетші зардап шеккен. Деректерге қарағанда, кезекшілікте отырған кассирге «жағдайын білу үшін» досы келген. Дегенмен, бірнеше минуттан кейін жанармай қызметшісі қан-жоса күйінде құлап жатқан жерінен табылды.
«Таныс екі ер адам жұмыс уақытында жасырын түрде ішімдік ішіп жүрген. Сол күні 39 жастағы ер адам әдеттегідей жанармай құю бекетіне досына келген, содан екеуі іше бастаған. Бірде ол бекетте жұмыс істейтін досынан ақша сұраған, бірақ ол ақша беруден бас тартқан. Сол кезде ол досының мойнына пышақ салған. Салдарынан ер адам орнынан құлаған да, қаскөй одан ақша тұрған жерді көрсетуді талап еткен. Кассадан 40 000 теңге алып кетіп, оқиға орнынан жасырынған», — дейді Жетісу аудандық полиция басқармасының басшысы Дархан Мұсанов.
Жамбыл облыстық департаментімен бірлесе жұмыс істеу барысында күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта ұсталған күдікті уақытша қамау изоляторына қамалды. ҚР ҚК 192-бабы 2-тармағына (қарақшылық) сәйкес, сотқа дейінгі тергеу жұмысы басталды.
https://youtu.be/UJgPwxs5USk