
Мысырда қайтыс болған дипломат өліміне елшіліктен алған қаражат себеп болуы мүмкін. Қазақстан Президенті мен құзырлы орган басшыларынан көмек сұрап бейнеүндеу жолдаған Еламан Жолдасовтың жесірі өзінің осындай болжамын айтты. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Айнұр Молдабаева бейнеүндеуде Еламанның болашаққа құрған жоспарларын, жүктелген жұмысты адал атқарғанын айтқан. Дипломат жуырда Бейбарыс Сұлтан мешітін салуға инвестиция тартыпты. Нұр-Мүбәрәк университетін Қазақстанға толықтай өткізу процесімен айналысқан. Марқұмның істерін тізген жұбайы биліктен осы өлімге қатысты тергеудің әділ, жариялы түрде жүргізілгенін сұрап отыр. Еске салайық, 13 желтоқсанда Каирде Қазақстан елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасов белгісіз жағдайға қаза тапқан болатын. Оның өлі денесі үйінің алдында жатқан. Қазіргі таңда сот-медициналық сараптамамен Мысыр құзырлы орындары айналысуда.