
Ордабасы ауданында түнгі уақытта тұрғын үйдің ауласында тұрған автокөлікті заңсыз айдап кеткен күдікті ұсталды, деп хабарлады otyrar.kz.
Тәртіп сақшылары ұрланған көлікті іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдіктіні үшінші күні Шымкент қаласынан тапты. Жәбірленуші көшеде кетіп бара жатқан бірнеше көліктер арасынан мемлекеттік нөмірі өзгертілседе өз көлігін танып қалған. Полицейлер аталған көлікті тоқтатып, көлік жүргізушісінен жауап алу барысында оның іздестіріліп жүрген күдікті екенін анықтады. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Полицейлерге берген жауабында күдікті түнгі уақытта көлікті ішінде кілтімен тұрғанын көріп, жымысқы ойын іске асыру мақсатында ауладан итеріп шығарып, айдап кеткенін мойындаған. Жоғалған көлік айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Сонымен қатар тергеу барысында ұсталған күдікті сыбайласымен мал ұрлығын жасағаны анықталды.