
Бердібек Сапарбаев екі сиырмен қалай күн көруге болатынын айтты. «Ол үшін малға ерекше күтім жасап, талмай еңбектену керек», — дейді әлеуметтік салаға жауапты вице-премьер. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
— Бір сиырмен де, екі сиырмен де күн көруге болады. Бірақ, ол үшін сиырға да жағдай жасау керек. Сиырға шөбін, жемін, суын берсең, ол сиыр ең кем дегенде 78 литр сүт береді. Ол сүттің 2-3 литрі өзіңнің керегіңе, балаларға кетсе, қалғанынан май да, құрт та, қаймақ та, қатық та шығады. Міне, әңгіме екі сиырда емес, әңгіме – жалпы халықтың жұмыс істеуінде.
Бұл туралы вице-премьер бүгін «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының ашылуында айтты. Мұнда мамандар көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылардың түрлі сұрақтарына жауап беріп, әлеуметтік жердем алудың жолдарын түсіндіреді. Әрі психологтар да жанұя құндылығын сақтауға қатысты сұрақтарға жауап беруге әзір. Яғни орталық халыққа қызмет көрсету орталығының әдісі бойынша жұмыс істейді.