
Шымкенттің «Ордабасы» командасы UEFA Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңіне шықты. Бүгін олар сырт алаңда Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командасын жеңіп кетті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Ордабасы» командасы бүгінгі кездесуде негізінен қорғанысқа көбірек көңіл бөлді. Бір апта бұрын Шымкентте өткен ойында олар 1:0 есебімен жеңген еді. Сондықтан шымкенттік клуб тең нәтижеге қанағат білдіретінін аңғартты. Алаң иелері шабуылына бірінші кезеңде лайықты тойтарыс бере білді. Есесіне қарымта шабуылдарға көңіл бөлді. Десе де бірінші кезеңде екі команда да бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Екінші кезеңде де ойын барысы дәл осындай жағдайда өрбіп жатты. Ойын тізгіні негізінен алаң иелерінің қолында болды. Кездесу соңына таман «Ордабасы» екі гол соқты. Оны 81-минутта Мирзад Механович, 94-минутта Зиги Бадибанга соқты. Осылайша «Ордабасы» қарсыласын 2:0 есебімен жеңді. Енді олар жарыстың келесі сатысында Чехияның «Млада-Болеслав» командасымен кездеседі.