
Батыс Қазақстан облысында Елбасы тапсырмасына сәйкес пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда. БҚО жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Салауат Нұрғалиевтің айтуынша, өңірде 2012-2015 жылдары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу жұмысы атқарылғаны белгілі.

Аталмыш басқарма жүргізген жан-жақты тексеру нәтижесінде пайданылмай жатқан 1004,0 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің қазіргі таңда 732,9 мың гектары немесе 73 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылып, оның 404,2 мың гектары немесе 55,2 пайызы ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізілді. Сонымен қатар жалпы көлемі 252,7 мың гектар немесе 25 пайыз жерде жер пайдаланушылар мен иелері өз учаскелерін игеруге кірісті. Басқарма Қазақстан Республикасының Жер кодексін және де Кәсіпкерлік кодексін басшылыққа ала отырып, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ лауазымды адамдардың жер заңдарын және жер учаскелерін пайдалану ережелерін сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Мысалы, өткен жылы басқарма жалпы көлемі 160,1 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік, жайылымдық және шабындық жерлерге тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде жер учаскелерінің уақтылы игерілмеуіне байланысты иеліктеріндегі жер көлемдері 64,0 мың гектарды құрайтын 133 шаруашылыққа Жер кодексінің нормаларына сәйкес тиісті мақсатында пайдалану қажеттігі жөнінде ескертулер берді. Соның ішінде Бөрлі ауданында 2,4 мың га, Жаңақалада 3,8 мың га, Жәнібекте 7,5 мың га, Зеленовта 18,2 мың га, Тасқалада 7,1 мың га, Қазталовта 9,9 мың га, Бөкей ордасында 3,4 мың га, Теректіде 6,9 мың га, Шыңғырлауда 3,1 мың га және Орал қаласында 1,7 мың гектар игерілмеген. Бұдан басқа өткен жылы кәсіпкерлік мақсатта берілген жерлерді тексеру нәтижесінде көлемі 28,9704 гектар құрайтын 69 жер учаскесінің иелеріне бір жыл мерзім ішінде тиісті мақсатында пайдалану қажеттігі туралы ескертулер берілді. Биыл жалпы көлемі 66,5 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланбаған 50 шаруашылық анықталып, оларға да ескертілді. Басқармамен қазіргі уақытта пайдаланбауына (игермеуіне) байланысты заңбұзушылықты жою жөнінде берілген нұсқамалардың орындалу мерзімі аяқталған жер учаскелеріне тексеру жұмыстары жүргізілуде. Айталық, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша тоғыз шаруашылықтың жалпы көлемі 9,2 мың гектар жер учаскесі басқарманың талап-арызы негізінде сот шешімімен мемлекет меншігіне мәжбүрлеп қайтарылды. Ал 41 шаруашылық 14,8 мың гектар құрайтын жер учаскелерінен ерікті түрде бас тартып, мемлекет меншігіне қайтарды. Яғни жалпы нобайы басқарманың тексеру жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күні 50 шаруашылықтың жалпы көлемі 24,0 мың гектар құрайтын ауыл шаруашылығы жерлері пайдаланбауына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Бұған қоса тоғыз шаруашылықтың 3,1 мың гектар құрайтын жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою жөнінде басқарманың талап-арызы сот органында қаралуда. Кәсіпкерлік мақсаттағы жерлерге келетін болсақ, үш шаруашылық субъектісі 0,4648 гектар құрайтын жер учаскелерінен ерікті түрде бас тартуына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал жеті шаруашылық 1,96 гектар құрайтын жер учаскелерін басқарманың нұсқамасынан кейін игерді. Үш шаруашылықтың 1,8 гектар құрайтын жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою жөнінде басқарманың талап-арызы сот органында қаралуда. «Қорыта айтқанда, меншік иелері жерлерін өз мақсатында, заңда көзделген мерзімде игеруі тиіс. Олай болмаған жағдайда ол жерлер мемлекетке қайтарылуға жатады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да атқарыла беретін болады», деді С.Нұрғалиев.
ҚазАқпарат