
Угандада 37 жастағы әйел 38 баланы дүниеге әкелген. Бұл туралы NUR.KZ порталы хабарлайды.
Кабимбири ауылында тұратын 37 жастағы Мариам 13 жасында тұрмыс құрған. Ол алты рет егіз балаларды, төрт рет үшемдерді, үш рет төртемдерді және екі рет бір-бір нәрестені дүниеге әкеледі. Жергілікті тұрғындар оны «егіздеп туатын ана» атап кеткен.
«Менің әкемнің түрлі әйелдерден 45 баласы бар. Олардың дені егіз, үшем немесе төртем болып дүниеге келген», — дейді Мариам.
Дәрігерлер әйелдің гені әкесіне тартқан деген болжам жасап отыр. Мариам көп баланы дүниеге әкелгісі келмейтінін айтып, ақ халаттыларға жүгінгенде, олар жүкті болмау денсаулыққа зиян екенін айтып қайтарған. Дегенмен, бұл шындыққа жанаспайды дейді өзге дәрігерлер.
Ал балалардың әкесі отбасына мүлде қамқорлық етпей, қашып кеткен екен.
«Менің інілерім мен қарындастарым әкемнің түрін де білмейді. Мен оны соңғы рет 13 жасымда түнде қонуға келгенінде көргенмін», — дейді әйелдің 23 жастағы үлкен ұлы Чарльз Мусиси.