
2GIS қазақ тіліне аударылған карталар мен ұйымдардың анықтамалығын тестілеу режимінде іске қосады.
Карта және мекемелер анықтамалығының деректері қазақ тіліне аударылды. Енді 2GIS-те дүкендерді, дәріханаларды, қоғамдық тамақтану орындарын, мәдениет мекемелерін, көрікті жерлерді және басқа да орындарды қазақ тілінде іздеп табуға болады. Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Астана, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Тараз, Түркістан, Орал, Өскемен, Шымкент және т.б. сияқты Республиканың 41 қаласы мен 1245 елді мекенінің анықтамалық деректері мен карталары аударылды.
2GIS-тің анықтамалық-картографиялық өндіріс жөніндегі директоры Елена Толкачеваның айтуынша, бастапқыда анықтамалық құрылымын аударуға ғылым және жоғары білім министрлігінің мамандары көмектескен. Кейін деректерді егжей-тегжейлі пысықтауға компаниядан тыс кәсіби аудармашыларды қосыпты.

«Еліміздің ірі қалалары мен агломерацияларының анықтамалығы мен карталары аударылды. Енді біз жаңартылған сервисті ашық тестілеуге кірісеміз. Біз пайдаланушылардың кері байланысын қуана қабылдайтын боламыз. Оны қате туралы хабарлар арқылы қосымшаның өзінде немесе 2gis.kz сайтында қалдыруға болады. Мұндай хабарлар қазақ тілінде іздеу мен сервистің басқа да функцияларының жұмысын жетілдіріп, болашақта аударманы толықтыруға көмектесетін болады, — деді Елена Толкачева.
JQ-Aqparat