Петропавлдағы Жұмысшы ауылында тұрғындар да, көліктері де балшыққа малтығып жатыр. Қала бойынша 250 миллион теңге бөлініп, кейбір көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілгенмен, жолдың ахуалы жақсармай отыр дейді тұрғындар. Балшықтан аяқ алып жүргісіз көшелермен балалардың мектепке баруы тіпті қиындаған.
Бұл Жұмысшы ауылындағы жуырда ғана жөндеуден өткен көшелердің бірі. Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде жарияланған мына суретте жол талғамайтын көліктің өзі батып қалған. Тұрғындардың айтуынша, суға толған шұрық тесік көшелерге құр топырақ төсегендіктен, лай-батпаққа айналған.
АНДРЕЙ АНОХИН, Жұмысшы ауылының тұрғыны:
— Бір-екі күн жүрдік. Сосын кедір-бұдыр болып қалды. Соңғы 3 күнде мұнда жүру мүлде мүмкін болмай қалды. Күні кеше ғана ойықтарды қиыршық таспен жауып тастады.
РУСЛАН ҚҰСАЙЫНОВ, Тілші:
— «Көліктер жолдың ортасында тұрып қала бергендіктен кейін ғана ойықты қиыршық таспен жауып тастады», — дейді тұрғындар. Дегенмен көлік иелері әлі қорқып өтетінін айтады. Себебі төселген сары балшық тез езіліп кете береді дейді.
ОЛЬГА ДАНОВЕЦ, Жұмысшы ауылының тұрғыны:
— Істелген жолдар бірінші жаңбырға-ақ шыдас бермей қалды. Енді ары қарай не болады? Бұны жол деп атаудың өзі қиын.
Тұрғындар Жұмысшы ауылындағы бірнеше көше сын көтермейтін жағдайда екенін айтады. Жыл сайын әкімдіктен көмек сұрағанмен, жақсарған жол жоқ. Өйткені, тозығы жеткен жолдармен, әсіресе, балаларды мектепке апару қиындаған.
ТАМАРА ГАЗИНКАПФ, Жұмысшы ауылының тұрғыны:
— Мұнда Добролюбов пен Разин көшелері ғана емес, тағы да бірнеше көшелер жол тауқыметін тартып келеді. Лазутин көшесінде балаларды көтеріп өткіземіз.Совхоз көшесінде мүлде жаяу жүре алмайсың.
Әкімдіктегілер Петропавл бойынша жолдарға қиыршық тас және өзге де жабындылар төсеуге 250 миллион теңге бөлінгенін айтады. Бұл ақшаға Жұмысшы ауылындағы бірнеше көшелерге де балшық төселіпті.
СЕРІК ҚАНАПИНОВ, Петропавл қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
— Разин көшесінде төселген нефракционалды табиғи қиыршық тас деп аталады. Жер кепкен соң жұмыстар қайта істелінеді. Онда жер асты суы көтеріліп, езіліпқалуы мүмкін деп болжап отырмыз.
Жолға жауапты қызметкерлер қалған жолдарды жөндеу ендігі жылдың еншісінде екенін айтады. Сондықтан әзірге олардың қолынан келетіні батпақтап жатқан жергілікті халықты сабырға шақыру ғана