
Елімізде 2029 жылға қарай 147 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл туралы Үкіметте өткен кеңесте баяндама жасаған индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейісбеков айтты. Алдағы жеті жыл ішінде жалпы көлемі 33 триллион теңгеден асатын 800-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Инвестициялық жоба негізі бойынша 22,1 мыңға жуық жұмыс орнын құру арқылы жалпы құны 3,1 триллион теңгені құрайтын 122 жоба қосылған құны жоғары тауарлар шығаруға бағытталған. Бұл – машина жасау, құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп және металлургия салаларындағы жобалар. Сонымен қатар вице-министр бүгінде еліміз бойынша орташа есеппен коммуналдық желілердің 51%-ның тозығы жеткенін де айтты. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар қажеттіліктерді ескере отырып, коммуналдық инфрақұрылымды салу мен күрделі жөндеудің өңірлік жоспарларын әзірлейтін болады. Әртүрлі қаржыландыру көздері есебінен 2029 жылға қарай коммуналдық желілердің тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету жоспары түзілген. Вице-министр осы күнге дейін еліміздегі 4 900 ауыл сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылғанын атап өтті. 2025 жылдың соңына дейін қалған 1 395 ауылдың мәселесі шешіледі. Бұл сумен қамтамасыз етудің еліміз бойынша көрсеткішін 100%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік бар екенін жеткізді министрдің орынбасары.
JQ-Aqparat