1200 ауылда интернет жоқ

14 мамыр 2021, 11:34

Келесі жылы, яғни 2022-де Қазақстанның қай қуысына барсаңыз да, ғаламтор желісі тартылып, цифрландырудың кереметі сыйын көресіз. Бұл сөзді дәл осы салаға жауапты министрліктің басшысы Бағдат Мусин айтты. Ал бүгінде 1200-ден астам ауылда ғаламтор мүлде жоқ. Осындай олқы тұсымызды бір жылдың ішінде бүтіндейміз деген Батырбектің баласына халық сене ме? Халықтан бұрын шенеуніктердің өздері секем алып отыр сөзінен.

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин министр Мусиннің «бір жылда қатырамыз» деген уәдесін қоңылтақсып, нарау ғана тыңдады.

Бағдат Мусинге дейін де осы саланы басқарып, құрғақ уәдені үйіп-төгіп, сөзден саумал сапырған министрлердің берекесіздігінен илеуі қанбаған интернет тарту ісінің тұралап тұрғанын ел жақсы біледі. Он жылдан бері орындалмай келе жатқан уәденің бір жыл ішінде «жал-құйрығы жетіліп шыға келеді» дегенге сіз сенесіз бе?

Мәжілістің мінберіне шыққан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің қамау терін депутаттарға қоса бұрын Мәжіліс төрағасы да шығарды.
Министрдің баяндамасын тыңдап болған соң, кезек сұрақ-жауап кезеңіне өткенде Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбековке сөз берілген. Ол Үкіметтің заң жобасында айтылған 1 Web жобасының шарапатын қашан көретінімізді сұрады.

Былтырғы жылдың қыркүйек айында министр болып тағайындалған Бағдат Мусин 1200 ауылға интернеттің желісі тартылмақ түгілі, «исі» әлі бармағанын, 500 ауылда ғаламтор орнатылғанымен, сапасы сын көтермейтінін айтты. Сондықтан да 2022 жылдың соңына дейін осы интернеті әлсіз 500 ауылды өркениет көшіне қосып, ғаламтордың қазығы қағылмаған 1200 елді мекенге де технологияның тамырын тереңдей бойлатамыз деп «әләуләйінен хәләулайына» ауысқан министрді Нұрлан Нығматулин әукелеп әрең тоқтатты да, бүй деді: «Тағы да сол құрғақ уәде. Сіздің алдыңыздағы министрлер де осылай жылдан-жылға сырғытып келе жатыр. Ешкім жауапкершілікті арқалағысы келмейді, өйткені бүгін министр ертең қызметінен кеткенін, орнына басқа болатыны белгілі. Бір-біріне ысырып әкеле жатыр. Қашан кең жолақты қолжетімді интернет болады? Әртүрлі технологиялар арқылы дейсіз, ол қашан іске асады? 2012 жылы Қазақстанның барлық ауылы интернет желісіне жалғанады деген. Келесі жылы он жыл толады, орындалмаған уәдеге. Сырғытып отырып 2020 жылы деді, сіз 2022 жылға жылжытып бастадыңыз. Бағдат Батырбекұлы, сіз жас министрсіз, жаңа тағайындалдыңыз, Мәжілістегілер де сізді қолдады. Заңға өзгерту енгізу керек болса, қолдаймыз. Уәделі уақытта жұмыс орындалса, дұрыс болар еді, соны жүзеге асыруға тырысыңыз. Халықты бұлай алдай бермейікші, нәтиже шығарайық та. Елден ұят емес пе, бұрынғы министрлер бес рет уәде беріп, интернетпен толық қамтамасыз етеміз деген уақытты бес рет жылжытты. Марсқа барып кешен салу емес қой, ғаламтор желісін жеткізу ісі. Еуропаның елдеріне барыңыз, қай қиырдағы ауылында болсын, кең жолақты ғаламтор емін-еркін тартып тұр. 1200 ауылда мүлде интернет жоқ дедіңіз. 2022 жылдың соңында бәрі тастай болады екен, оған да аз қалды, көрейік».

2004 жылы Сүлеймен Демирел атындағы университетті «Компьютерлік технологияның бағдарламалық және ақпараттық құралы» мамандығы бойынша бітірген, еңбек жолын ІТ инженері болып бастап, директордың орынбасары, әділет министрлігі Ақпараттық технологиялар департаментінің бастығы, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы басқарма бастығы, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы сынды жіліктің майлы басындай лауазымдарды атқарған Батырбектің министр баласы берілген уәдесін келесі жылдың соңына дейін орындай ала ма? Оны уақыттың еншісіне қалдырайық.

Ғаламтордың жоқтығынан айтылған ғазалды былтырғы әлемдік пандемия кезінен бастап көп еститін болдық. Оқушыларына онлайн сабақ өту үшін жарым түнде жалғыз жаяу ел аралап, әбігерге түскен мұғалімнің де мұңын білеміз. Интернеті тартпаған соң тас басып, тау асып, тал-терекке өрмелеп, үйдің шатырына шыққан оқушы қаншама. Ғаламторың ауыл тұрмақ, қаланың өзінде тұралады емес пе? Онлайн оқу жүйесі екінші жылы жалғасын тапқалы да, білім алушылар иі қанбаған интернеттің мәселесін әбден тартып келеді.

Халық көнбіс қой қашанда, тәубесін де тауыспайды. 2012 жылдан бері уәдеге тойдырған шенділердің межелі мерзімде шаруаны жайғайтынына сенбейді. Олар тек «Жаратқаннан таудың асуы мен талдың басында, үйдің шатырында ғана әзер ұстайтын интернетімізге шүкір, соған зар боп қалмасақ екен» деп тілейді. Қайтсін енді.

Қуаныш Рахмет

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды