
Ішкі істер министрлігі «Интернет-Казанова» атанған Павлодар тұрғынының ұсталғанын жария етті. Ер адам Қазақстан бойынша 92 бойжеткенді алдап соғып, әртүрлі жолмен 6 миллион теңгені қалтасына басқан.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, қыз-қырқынды интернет арқылы қашықтан ғашық қылған жас жігіт WhatsApp және әлеуметтік желілер арқылы қыздарға уәдені үйіп төккен көрінеді. Павлодар тұрғыны әлеуметтік желіден фейк-аккаунтарды ашып, бойжеткендердің сеніміне кіріп, кейін қарызды қайтару үшін жеке мәліметтерін жіберуді өтінген. Осыдан соң бөтен адамдардың атынан несие ресімдеп, тағы да алаяқтық жасаған.
ҚР ІІМ киберқылмыспен күрес орталығы жыл сайын киберқылмыстың өршіп бара жатқанын хабарлайды. 2018 жылы мұндай санатта 4 мыңға тарта қылмыс, 2019 жылы — 8 мың, ал 2020 жылдың алғашқы бес айында 4 мың қылмыс тіркелген. Сонымен қатар ай сайын аймақтарда электронды мәліметтерді заңсыз пайдалануға байланысты 800-ге жуық қылмыстық іс қозғалады.
«Жалпы, бұл қылмыстардың бетін ашу бойынша жұмыс «дәстүрлі қылмыстарға» қарағанда өзгешелеу. Азаматтарға қарсы алаяқтықты қылмыскер басқа өңірде отырып-ақ жасай алады», — деді ҚР ІІМ Қылмыстық полиция департаментінің бастығы Думан Таев.
Мәселен, Қостанай облысының тұрғыны автобөлшек сатамын деген жалған әңгімемен бірнеше жыл бойы республиканың түрлі өңіріндегі азаматтарды алдап келген. Шығын айтарлықтай көп болмағаннан кейін азаматтар көп жағдайда полицияға шағымданбаған. Полиция қызметкерлері оның 20-ға тарта адамды алдап соққанын анықтаған. Ақыры «алаяқ-саудагер» қамауға алынды.
Киберқылмысқа ебі бар алаяқтар басқа адамның атынан онлайн-несие алады. Осындай жағдайдың бірі Нұр-Сұлтан қаласында тіркеліп отыр. Сайттардағы жарнамаларда алаяқ несие ресімдеп беретіні жөнінде хабарлама таратқан. Азаматтардың сеніміне кірген ол бүкіл құжаттарын алып алып, микроқаржы ұйымдарынан несие ресімдеген. Алаяқ әйел алған несие сомасы көп болмағандықтан, алданғандардың дені полицияға жүгінбеген. Кінәлі ұсталып, оның 29 қылмысқа қатысы бары анықталған.
Ішкі істер министрлігі сайттағы хабарламалар арқылы тауар сатып алуда азаматтарды сақ болуға шақырады. Алаяқтар тауарлардың арзандығымен, әртүрлі акция немесе жаппай сатумен қызықтырады. Электронды әмиян арқылы алдын ала ақшаны алып алғаннан кейін, телефон номерін жоя салады.


Басқа жағдайда алаяқтың өзі хабарласып, тауар үшін алдын ала ақша аударатынын айтып сендіреді. Ақшаны аударып жіберу үшін картаның нөмірін жолдауды сұрайды. Біраз уақыттан кейін телефонға келген SMS-кодты сұрап, ақыры ойдағы пиғылын іске асырады.