
Өзінің баспанасы болуы үшін жер кезегінде тұрған отандастарымыздың саны 1 миллионнан асып кетті. Бұл туралы «Ауыл» партиясының төрағасы, Сенат депутаты Әли Бектаев хабарлады.
Ол «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық демократиялық күштердің коалициясы жиынында сөйлеген сөзінде жер мәселесін талқылағанда кейбір көлеңкелі жәйттерге назар аудару қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, 1,2 млн азамат үй салу үшін жер кезегінде тұр. Бұлардың дені жастар мен жас отбасылар. Ал үкіметтің қаулысымен инфрақұрылымы жоқ болса, жер телімі берілмейді. Осыған сүйенген әкімдер жұрт жер телімін бермей отыр. Ә. Бектаев соңғы 10-12 жылда тұрғын үй үшін жер телімін беру ісі тым баяу жүріп жатқанын, тіпті, тоқтап қалғанын атап өтті. Бұл тұрғындардың наразылығын туғызуда. Осы мәселе жіті зерттеуді, кедергі атаулыны жойып, нақты шешім қабылдауды қаже етеді.