«Жетімді жебе, жесірді еле»

28 ақпан, 11:50

Қазақстанда бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Asar-Ume» қоғамдық қоры осы уақыт ішінде мыңдаған жетім-жесірге өз шапағатын тигізіп үлгерді. Қайырымды жандардың арқасында еліміздегі 892 көпбалалы отбасы мен жалғызбасты аналарға үйдің кілті табысталып, бес мыңға жуық балаға баспана бақыты бұйырды. Олардың арасында солтүстікқазақстандықтар да бар. Аймақта осы жұмысты үйлестіріп отырған ерікті Әнуар Тоқпанмен әңгімеміз «Asar-Ume» қайырымдылық қорының атқарып отырған жұмысы, алдағы жоспарлары және мақсат-міндеті, қайырымдылық миссиясы төңірегінде өрбіді.

— Әнуар Бердібекұлы, ең алдымен, «Asar-Ume» қоғамдық қорының тарихына тоқтала кетсеңіз: қор өз жұмысын қашан бастады, құрылуына қандай жағдайлар және кім түрткі болды?

— Осы заманғы қоғамда әйелдер қауымы өмірде қиын жағдайға тап болатыны ешкімге де құпия емес. Соңғы кезде ерлер қауымының біраз бөлігі ұсақталып кеткені ащы болса да шындық. Қорған болады деген азаматынан айрылған немесе қорлық көрген қыз-келіншектердің барар жер, басар тауы жоқ. Көбі дағдарыс орталықтарын жағалайды. Қордың құрылуына ұйытқы болған марқұм ЖаҺангер Ахатқызы апай да бастапқыда осындай әйелдерге арналған дағдарыс орталығын ашып, қолынан келген көмегін көрсетті. Бірақ кейін уақытша қамқорлық мәселені түбегейлі шеше алмайтынын, тағдырдың тауқіметін тартып отырған жетім-жесірге керегі баспана екенін түсініп, міскіндерге арналған үй салу үшін өзінің Алматы облысындағы жер телімін ұсынады. Үлкен жүректі асыл адам қайырымды жандардың арқасында әлеуметтік тең қоғам құрылатынына, жетім-жесірдің көз жасы азаятынына, бақытты отбасылардың қатары қалыңдай түсетініне өле-өлгенше сеніп өтті. Қайырымдылықтан қол үзген жоқ, мектептерге, жетімдер үйлеріне, мешіттерге үнемі қолынан келген көмегін аямайтын. 2018 жылы ол мешіттердің біріндегі қайырымдылық қорға жетім-жесірлерге арналған үй салу туралы ойын айтады. Кейін, ол кісінің ойы жүзеге асырылып, қайырымдылықпен айналысып жүрген біршама жандар, кәсіпкер Асхат Нұрмашевпен бірлесе отырып, «Asar-Ume» қайырымдылық қорын осылайша құрған болатын.

— Бүгінде қор қандай жұмыс атқарып отыр?

— Қор президенті Асхат Нұрмашев өз тәжірибесінен байқағанындай, мұқтаж жандарға азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, садақа берудің тиімділігі шамалы. Тіпті осы арқылы өз қалтасын қампайтуға ниетті адамдар да жоқ емес. Әрі масылдық пиғыл туындауы ғажап емес. Ал үй сатып әперудің орны бөлек: бірден бірнеше мәселе шешімін табады. Ең қарапайым мысалды алайық: тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген әйел мемлекеттен ешқандай жәрдемақы да ала алмайды, емханаға тіркеліп, емделуге де қақысы жоқ.

Сондықтан меценаттар, құрылыс компаниялары көмек қолын созған соң, бірден құрылыс материалдары сатылып алынып, жетім-жесірлерге арналған көппәтерлі үйдің іргетасы қаланды. Ұйым жұмысы осыдан басталды. Бүгінде еліміздің әр өңірінде жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Біздің облыста бұл қордың өкілдігі осыдан төрт жыл бұрын ашылды. Бүгінде өңірде отыз шақты ерікті жұмыс істеп жүр.  Осы уақыт ішінде 9 отбасын баспана бақытына бөледік. Онда тәрбиеленіп отырған балалар саны – 48. Жуырда ғана Қызылжар ауданына қарасты Прибрежное ауылынан көп балалы, жалғыз басты анаға үй алып бердік. Жақында қоныс тойы тойланбақ.

«Жетім көрсең, жебей жүр, жесір көрсең, демей жүр» деген тәмсіл бар. Осы күнге дейін еліміз бойынша бес мыңға жуық бала баспаналы болды. Алда келе жатқан Рамазан айында Қазақстанда 150 отбасын баспана бақытына бөлеу туралы жоспарымыз бар. Солтүстік Қазақстан облысында үш отбасына үйдің кілтін табыстамақшымыз.

Қайырымдылық ұйымы мұқтаж жандарға үй алып берумен ғана шектелмейді, балаларының білім алуына, ата-аналарын жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу де қарастырылған. Бұл мақсатта «Өркендеу» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ата-аналарын бизнеске баулысақ,  балалары лагерьде демалып, одан соң да жан-жақты дамуы үшін жағдай жасалады. Кейін жоғары оқу орындарына грант бөлінеді. Келесі жылы осындай отбасылардан шыққан балаларға Петропавл қаласындағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне де грант бөлу туралы жоспар бар.

— Отбасыларды қандай критерий бойынша таңдайсыздар?

— «Asar-Ume» қоғамдық қоры ең алдымен тек көпбалалы отбасыларға  көмектеседі. Отбасында кемінде бес бала болуы керек. Бұл жанұялар толық немесе асыраушысынан айырылған болуы мүмкін. Өз үйі жоқ, табысы айына 170 мың теңгеден аспайтын адамдардың арасынан іріктеледі. Мүгедек баласы барлар немесе отағасы жарымжан болса, ондай отбасыларды төрт баламен қарастырамыз. Алаяқтыққа жол бермеу үшін, олар қатаң іріктеуден өтеді. Тіпті көрші-қолаңмен де әңгімелесеміз.

— Қазіргі қоғамда қайырымдылық қорларына сенім азайғаны өтірік емес. Жоғарыда айтылғандай, қой терісін жамылған қасқырлар кейде өз қарақан басының қамын ойлайтыны қамықтырады.  «Asar-Ume» қорының жұмысы, қаржы-қаражат қозғалысы қаншалықты ашық?

— Жалпы, қор ашылған сәттен бастап ашықтықты мақсат етті. Сол үшін бірінші күннен бастап әлеуметтік желіде, қордың арнайы парақшасында қаржының қандай мақсатқа жиналып, жұмсалғаны туралы есеп береді.  Қазақстандық блогерлер әр шараға шақырылады, барлығын бүкпесіз ашық көрсетеді. Контент-жоспарымыз бар. Қордың ресми шоты бар. Қанша қаржы түскені, қандай үй салынғаны, тіпті қандай есік-терезе және т.б. алынғаны, қанша ақша жұмсалғаны, кімге үй берілгені, ол қалай таңдалғаны – бәрі-бәрі алақандағыдай. Жыл сайын аудиторлық ұйымдар тексеріс жүргізеді. Тексеріс нәтижелері «Asar-Ume» қоғамдық қорының сайтында жарияланып отырады.

Қазір не көп – қайырымдылық қоры көп. Бірақ ашықтық жоқ, кейде жұмыс дұрыс ұйымдастырылмаған. Сондықтан біздің мақсат – алдағы уақытта барлық қайырымдылық ұйымдарының басын біріктіріп, «Қызыл крест» немесе UNICEF сияқты әлемге әйгілі қазақстандық қайырымдылық брендін құру.

Айгүл  Таева: 6 баланың анасы:

«Жұбайым қайтыс болған соң, далада қалғандай күй кештім. Отбасының жалғыз асыраушысы сол еді. Жалдамалы пәтер ақысын да өзі төлейтін. Мен жұмыс істеген жоқпын. 6 баламның төртеуі әлі кішкентай. 2021 жылы «Asar-Ume» қоғамдық қоры маған Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қаласынан үй алып бермесе, қазір қалай күн көрерімді елестетудің өзі қиын. Баспана жаңа болмаса да, жөндеу жасалған, ішіне су тартылған, барлық жағдай жасалған. Ауласы кең, балаларға ойнауға ыңғайлы. Тіпті моншасы мен қорасы да бар. «Asar-Ume» маған өз кәсібімді ашуға сертификат сыйлаған болатын. Сол қаржыға он шақты қой сатып алып, қазір осы істің арқасында күн көріп отырған жайым бар. Қайырымды жандарға алғысым шексіз».

«Қаз-үйректің панасы – көл, жетім-жесірдің панасы – ел». Ендеше біздің жұмысымыз жүрегі кең, қолы ашық азаматтардың көмегінсіз мүмкін емес. Қордың тұрақты серіктестері бар. Көмек қолын созғысы келген адамдар болса, садақа қабылдауға кет әрі емеспіз. Біздің миссиямыз – тіпті 200-500 теңгемен де маңызды мәселелерді шеше алатынымызды, көбі өз қолымызда екенін қоғамға көрсету. Асар – қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі ғой, садақа да бізге жат емес.

Қорыта айтқанда, қордың негізгі бағыты – жетім-жесірлерді баспанамен қамтамасыз ету. Екіншіден – білім беру және жұмысқа орналастыру. Алдағы уақытта қаржылық сауаттылық, отбасы бақыты туралы тренингтер өткізу туралы жоспар бар.

— Бір хадисте Пайғамбарымыз: «Жесір мен мен жетімге көмектесу – Алла жолындағы жиһадпен тең», — деген екен. Ендеше осы жолдағы жұмыстарыңыз сауаптан болсын! Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Роза Шәкенова,

Солтүстік Қазақстан облысы  

23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?