Желтоқсан ақиқаты мен ақтаңдақтары

24 желтоқсан 2021, 11:55

Адам баласы арманшыл әрі қызыққа да тоймайды. Жаңа ғасыр қарсаңында алда не күтіп тұрғанын айтқыш сәуегейлердің, көріпкелдердің жойдасыз көбеюінің бір себебі осында жатыр. Біразы мемлекеттік билікке ықпал етті. Ресейдегі соңғы патша ІІ Николай тұсындағы Распутин құбылысы осыған дәлел. Бірақ заманның ерекшелігі мен мазмұнын дәлме-дәл көрсете алғандар көп емес. Болашақты болжаудың тамаша үлгісін Алаш көсемдері көрсетті. М.Дулатовтың ғасыр басындағы «Оян, қазақ!» ұраны қазақ қоғамы үшін ғана емес, Азия мен Африканың, Латын Америкасының отар халықтарына жол көрсеткен ұлы бастама. Әттең, санымыз аз, тұзымыз жеңіл болғандықтан, интеллектуалды топжарған тұлғаның көрегендігі кеше де, бүгін де дұрыс бағасын алмай келеді. Әйтпесе, 30-40 жыл өтер-өтпестен ұлттық, саяси, экономикалық азап шегіп, жаншылғандардың қаһарынан отарлық жүйе күйрегені ақиқат қой.

Әлемдік құбылыс

Империялардың ең ірісі, әрі АҚШ Президенті Р.Рейган дөп басып айтқандай, зұлымы Кеңестер Одағы еді. Алпауыт елдің ыдырауына әкелген себептер өте көп. Ал түрткі болған оқиға – 1986 жылғы желтоқсанда бұрқ еткен қазақ жастарының көтерілісі. Басқаша болуы мүмкін де емес еді. Қатыгездігімен, ақтауға жатпайтын қылмысымен белшесінен қанға батқан кеңестік тоталитарлық жүйені күйретуге шешуші соққы берген желтоқсан құбылысы тарихи маңызы бойынша Үндістандағы, Қытайдағы, Оңтүстік Африкадағы, Мысырдағы ұлт-азаттық көтерілістерінің қатарында тұруы керек. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова сынды құрбандары, Ө.Жолдасбеков, Т.Қожакеев, Ә.Уақов, И.Дауранов, т.б. жазықсыз жапа шеккендер М.Ганди, Сун Ятсен, Нельсон Мандела, Камал Насер шоғырындағы тұлғалар биігінде ұлықталуы тиіс.

Желтоқсанның ызғарлы күндерінде, одан кейінгі жылдарда халықаралық ақниетті күштер Қ.Рысқұлбековті қолдауымен, КОКП басшысы М.Горбачевті сынауымен қазақ көтерілісін ұлықтап, беделін биікке көтеріп еді. Біз осыны ұстап тұра алмадық. Тегеурінді де табанды жоқтаушысы болмағандықтан, желтоқсан зердеден өшпесе де, екінші қатарға ысырылып, бізден әлдеқайда кейін өткен Бакудегі, Тбилисидегі, Балтық жағалауы елдеріндегі оқиғалар алдымен ауызға алынатын болды.

Тарихта ақтаңдақтар болмауы керек. Социализмді құлатуға жол ашқан, ұлттық азаттығымыздың бастауы болған үш күнді Отандық ғылымның, өнердің, БАҚ-тың, тіпті саясаттың күшімен әлемдік құбылыстар қатарына қосу – бәріміздің міндетіміз. Осыған қарап-ақ басқалар қазақтың кім екенін ұғынатын болады.

Ұлттық азаттық

Кеңестік биліктің желтоқсанға берген бағасы бізге белгілі. Оны ұлтшыл маскүнемдердің, нашақорлардың, масылдардың бүлігі ретінде күйеледі. Ұлт мақтанышы Д.Қонаевты құбыжыққа айналдырды. Ашық айтпаса да, қазақтар тағылық пен жабайлықтан ұзаққа кетпеген қауымдай бейнеленді. Кремль ақикөзденді. Мәскеу ұйымдастырған осы спектакльдің Одақтас республикалардағы мазмұнын, жиілік қойылымын, интонациясын БАҚ материалдары негізінде талдаған артық етпес еді. Сонда кімнің кім екенін, бүйрегі кімге бұратынын біле аламыз. «Не жазып кетсе, жайы сол» деген емес пе хакім Абай. Желтоқсанның бұл да бір ақтаңдағы. Кремльдің көздегені мен көксегені не екенін республика басшылығына әкелген адамынан көруге болады. Мәскеу тағайындаған Г.Колбин үш жыл бойы сөзде бар, өмірде жоқ ұлтшылдықпен күресті. Азаматтарымызды оқудан шығарды, қызметтен алды, соттады, қазаққа қаны қарайғандарды қолдады, өсек пен өтірікті судай сапырды.

Дүниені дүр сілкіндірген үш күннен бері, міне, 35 жыл өтіпті. Әлем таныған азат елміз. Ашу-ыза басылды. Ақылға ақыл қостық. Енді сол күндердің тәжірибесін, тағылымын, сабақтарын, қаһармандары мен сатқындарын ғылым сөзімен дәйектейтін уақыт келді.

Иә, бұған дейін аз жұмыс атқарылған жоқ. Қуғын-сүргінге ұшыраған желтоқсандықтар Президент Жарлығымен ақталды. Түрмеден босатылды, біразы орден-медальмен марапатталды. Мектептерге, көшелерге, т.б. нысандарға есімдері берілді. Желтоқсан тақырыбымен жарық көрген шығармалар, жер-жерге қойылған ескерткіш-мүсіндер баршылық. Бірақ желтоқсан ақиқатын ашуда, ақтаңдақтарын тарқатуда бұлардың бірде-біреуі ғылым сөзінен толымды бола алмайды.
Біреулер үшін желтоқсан қазақ ұлтшылдығының сыртқа шыққан көрінісі. Оны оқиға, көтеріліс, қозғалыс мәртебесімен ұлықтайтындар бар. Қалай болғанда да, әлемдік құбылысқа тікелей қатысты себеп пен салдардың, ұғым-терминдердің мәнін де, аражігін де ажырата алудың танымдық, тәрбиелік, практикалық жауапкершілігі аса зор, нәтижесі бәсекелік қабілетімізге оң ықпал етеді, ақиқаты ұлттық жаңғыруға серпін береді. Мұны кеңестік дәстүрмен «сана бірінші ме, материя бірінші ме?» төңірегіндегідей пәтуасыз талас-тартысқа айналдырумен әлі 100 жыл көктанаулықтан ажырамаймыз.

Әңгімені созбай, төтесінен қайырсақ, желтоқсан-86 мазмұны жағынан ұлт-азаттық қозғалысына жатады. Өйткені кез келген отар елдегі қарсылық бірде кемел, бірде жартылай ұлт-азаттық қозғалысының миссиясын атқарады. Жеңсе де, жеңілсе де түп көздегені – ұлтының азаттығы.
Ұлы даладағы ұлт-азаттық қозғалысының тарихы өте бай. Оның шарықтау шыңы – Алаш қозғалысы. Алаштықтар әлеммен ықпалдастықтың, мемлекет құрудың, елді басқарудың, әскер жасақтаудың, жер қатынастарын реттеудің, ұлтаралық ынтымақ пен келісімге қол жеткізудің, интеллектуалды серпілістің моделін ұсына алды. Күні бүгінге дейін өзектілігі мен өміршеңдігін жойған жоқ.

Желтоқсан Алаш қозғалысының деңгейіне көтерілді дей алмаймыз. Бірақ оны стихиялы түрде бұрқ еткен оқиға ретінде бағалауға болмайды. Шала десек те, ұйымдық, техникалық, идеологиялық даярлығы бары көрініп тұр. Ақтаңдақтар көтерілістің басынан аяғына дейін қамтып жатыр. Республика бойынша қанша қала мен ауыл-селоны шарпыды, қатысушылар саны қандай, неше адам құрбан болды, наразылық білдіріп, өз еркімен доғарысқа кеткен номенклатура өкілдері бар ма, ұлтшылдар көп пе, шовинистер көп пе, адамдардың жаңа қауымдастығы деп танылған кеңес халқы, халықтар достығы қайда қалды? Осының бәріне жауапты ғалымдар әзірге беймәлім деректерді табумен ашуы керек. Бір ғана мәселеге тоқталғым келіп тұр. Менің ойымша, ұйымдастырушылар бейбіт көтеріліс формасын таңдаған. 1916 жылы Алаш көсемдері халықты қарулы көтерілістен қалай сақтандырса, арада 70 жыл өткенде тарих тағы қайталанды. Бұл жолы, Президент Қ.Тоқаев жазғандай, «өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты». Тәуекел деп тас жұту кездейсоқтықты көтермейді. Алматы студенттері көзі ашық үлкен қауым екенін де ұмытпағанымыз жөн.

Желтоқсан – ұлт тарихындағы жасампаздық әлеуеттің жұлдызды сәті. Мың өліп, мың тірілген халқымыз 1001-ші рет өлуге келіспейтінін әлемге паш етті. Тоқыраумен марғауланған, мәңгүрттенуге бой алдыра бастаған қазақ қоғамын оятты. Кеңестер елінде іле-шала басталған ауыр дағдарыс азаттық пен тәуелсіздікке жетуді қазақтың ұлттық идеясына айналдырды.
Қылмыс пен қиянат

Большевиктер 1917 жылы билікті қалай заңсыз алса, 1991 жылдың тамызында тарих сахнасынан кеткенше заңды белден басуын бір сәтке тоқтатқан емес. Оны ел ішінде «социалистік заңдылық», сыртқы саясатта «интернационалистік борыш» категорияларымен тігісін жатқызды.
Желтоқсанда ұйымдастырған қылмысы мен қиянатында тарыдай «жаңашылдық» жоқ. Әлденеше мың адам соққыға жығылды, денсаулығынан айырылды, тағдырлары талқандалды. Бұл туралы құжаттар мен айғақтар молынан сақталған. Ауыл шаруашылығы институтының студенті Қ.Әуелбекұлы деген азамат «Санамда мәңгілік сақталды» естелігінде былайша тебіреніпті: «Жатақхана алаңға жақын болғандықтан, өмірімде тұңғыш рет қазақ қыздарын шашынан сүйреп, аяусыз соққыға жығып, қанға бояғанын көріп, жаным түршікті. Қан басқа теуіп, ар-намысым аяққа тапталғандай болды. Сөйтіп жүргенде, кешкі 7-лерде өзім де қолға түсіп, милиционерлер мені автобус ішіне кіргізіп алып, соққының астына алды. Нәтижесінде тұла бойымның сау-тамтығын қалдырмай ұрып, басымды жарып үйге жіберді». Бірақ қудалау мұнымен бітпепті: «Бір айдан астам уақыт Алматы қалалық Ішкі істер басқармасында тергеуде болдым. Сонда отырып Қайрат Рысқұлбековпен танысып, екеуміз үш күн бір камерада жаттық».

«Кітап» фабрикасының жұмысшысы Ә.Қарсақбайқызы милиция қоршап тұрған жатақханадан шыға алмайтын болған соң «Менің Қазақстаным» әнінің сөзін қыздарға үлестіріпті. «Алаңдағылардың, – дейді ол, – қалай қырылғанын, қыздарды шаштарынан сүйреген күйі машина қораптарына лақтырғанын тыңдау қандай ауыр десеңші. Қыздарды қорғауға ұмтылған жігіттерді соққыға жыққаны, ыстық суды шашу тәсілімен жастарды мұз ғып қатырғаны жаныңды түршіктіреді. 4-5 күн бойы түрмеде жатқан қыздарымызды қорлағаны, мазақтағаны, таяқпен аяқтан ұрғылап, тізе бүктіріп, кешірім сұратқаны жүйкеңді жұқартады. Жексұрындарға лағнет айтып, біз жылаумен шерімізді тарқататынбыз».

Байырғы халықтың ұл-қыздары таяқ жеп, көз жасын көл қылып жүргенде коммунист Колбин дүниені жалпағынан басып өмір сүріп жатты. 1987 жылы 7 қаңтар күні Ульяновскіден Алматыға ИЛ-76 самолетімен 5 тонна жүгі, ТУ-134 самолетімен 5 отбасы мүшесі, 2 иті жеткізіледі. Сондағы 2 рейске төлегендері 347 сом 40 тиын ғана, ал мемлекет бағасымен есептегенде 37 100 сом, 108 тонна авиабензин жұмсалған екен.

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дейді халқымыз. Қазақ азаматтарын «Правда» мен «Известиядан» бастап аудандық газеттерге дейін жерден алып жерге салып жатқанда, Новосибирскіден Е.Раевский, Амур облысынан В.Голобоков деген біреулер Мәскеуге хат жолдап, «қазақ мәселесінің» білгіріндей отқа май құя түскенін қайтесіз.
Қылмыс пен қиянаттың түрі де, қыры да мол әрі бай болып шықты.

Желтоқсан салтанаты

Желтоқсанда көтерілген талап пен идеялар ендігі жүзеге асты. Ең бастысы – арада тура 5 жыл өткенде Қазақстан тәуелсіз, дербес елге айналды. Бұл – ғасырларға созылған ұлт-азаттық күресінің заңды нәтижесі. Тәуелсіздіктің қарсаңында, яғни 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен бүкілхалықтық сайлауда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев жеңіске жетті. 30 жылға жуық ең жоғарғы билік басында отырған ол 2019 жылғы наурыз айында өз еркімен доғарысқа кетіп, жазда Қазақстанның екінші Президенті Қ.Тоқаев лауазымды қызметіне кірісті. Осылайша, желтоқсаншылар күн тәртібіне қойған «Әр республикаға – өзінің басшысы!» талабы ақиқатқа айналды.

Желтоқсан қаһармандары көтерген келесі бір талап – «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін!». Бұл талапты Ленинге сілтеме жасаумен бекемдеді: «ұлт саясатының лениндік принциптерін сақтауды талап етеміз!». Бұлай сөйлеу мемлекеттік идеологиясы – ленинизм, мемлекеттің негізін қалаған көсем Ленин деп танылған елде әбден орынды еді. Лениннің іліміне күдікпен қарау қылмыс саналатын. Дей тұрғанмен, халықтар теңдігі мен достығын ұлтаралық қатынастар ушығып тұрған күндері жоғары бағалау көп тілді, көп дінді Қазақстан үшін тағдыр анықтағыш фактор екенін бүгінде ешкім жоққа шығара алмайды.

Желтоқсан-86 ақиқаты қаншалықты ашылса да, ашылмаған ақтаңдақтары одан асып түседі. Ақиқаттан ақиқат, ақтаңтақтан ақтаңдақ ғана туындайды. Желтоқсанда тапқанымыз бен жоғалтқанымызды түгендемей, ақиқаттың өзі жартыкеш күйінде қала береді. Әлі де кеш емес. Олар елдің ертеңі үшін күресті.

Ханкелді Әбжанов,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық ғылым
академиясының академигі

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды