
Соңғы жылдары Қызылорда облысы қарқынды дамып келеді. Әсіресе, экономикасында оң динамика байқалады.
Айталық, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өңірдегі өнеркәсіп өндірісі 1,7%-ға, өңдеу өнеркәсібі 13,6%-ға, ауыл шаруашылығы 3,2%- ға артты. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестиция 8,2%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі 22%-ға, сауда көлемі 1,4%-ға ұлғайды. Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Әсел Досжанованың айтуынша, аймақтың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Ол: «Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласындағы қарқын жоғары. Өңірлік өнім көлемінде де өсім байқалады. Алдын ала деректер бойынша, жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім өткен жылмен салыстырғанда 2,9%-ға артқан. Өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі бірқатар бағыттарда, әсіресе жеңіл өнеркәсіп пен машина жөндеу қызметтерінде айтарлықтай өсім байқалды. І тоқсанда 585 тұрғын үй пайдалануға беріліп, жалпы аумағы 159 мың шаршы метрден асып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемі 3,2%-ға өсті», — деді.
Биыл Қызылорда облысына 789,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Өткен үш айда бұл көрсеткіш 142,1 млрд теңгені құраса, оның 106,1 млрд теңгесі жеке инвесторлар есебінен. Жыл соңына дейін 100 млрд теңгеге 21 жоба іске қосылады.
2026-2029 жылдары 2 трлн теңгеге жуық қаржыға 48 жоба жүзеге асырылып, 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Агроөнеркәсіп саласында 185,8 мың гектарға егін егу жоспарланған, оның 70 мың гектары – күріш. Су үнемдеу технологияларына алдағы үш жылда 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Сонымен қатар 40 млрд теңгеге крахмал-сірне зауыты, 68 млрд теңгеге техникалық дақылдар өсіру және 134,5 млрд теңгеге жылыжай кешені жобалары жүзеге асырылуда.
Өңір 100 пайыз ауызсумен қамтылған. Биылғы жылдың соңына дейін газдандыру 85%-ға, жақсы жолдар үлесі 95,2%-ға жеткізіледі. Қаржыландырудың барлық көзінен 950 мың шаршы метр тұрғын үй табысталады.
Қай өңірдің де экономикасы халықтың тұрмысын жақсартып, өмір сапасын арттыруға бағытталады. Мемлекеттік саясаттың басымдық берілген бағыты да осы. Соның бір көрінісіндей, 1 мамыр мерекесі қарсаңында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаланың сол жағалауында бой көтерген көпқабатты тұрғын үй кешенінің иелеріне салтанатты түрде пәтер кілтін табыстады.

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған бұл іс-шарада Қызылорда облысында ғана емес, Орта Азия бойынша алдыңғы қатарлы заманауи жаңа жылу-электр орталығын салған түрік инвесторы «Aksa Energy Қызылорда» компаниясының қызметкерлеріне берілген үй алдағы уақыттағы әлеуметтік-экономикалық серпінді жобалардың бастауы деп бағалануда.
Облыс басшысы салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақ жерін мекен еткен сан алуан этностың мәдениеті, діні мен дәстүрі өзара үндесіп, бірегей өркениетке айналды. Ырысты ынтымақтың арқасында халқымыздың қуаты арта түседі. Сондықтан біз бірлігімізді нығайтуға бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Бұл – әрбір азаматтың мәртебелі міндеті әрі перзенттік парызы» деген болатын. Айтулы мереке қарсаңында комфорт плюс санатындағы заманауи, жаңа үлгідегі «Тұран» кешенінің жеті қабатты алғашқы үйін пайдалануға беруге жиналдық. Тұрғын үйді Президентіміздің қолдауымен қаламызда жаңа жылу-электр орталығын салған түрік инвесторы «Aksa Energy Қызылорда» компаниясының қызметкерлеріне салтанатты түрде табыстап отырмыз. Жаңа баспаналарыңыздың іргетасы берік, қабырғасы мығым, ішіндегі әр отбасының шаңырағы татулық пен берекеге толы болғай! Алдағы уақытта да компания ұжымы Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған серпінді жобаларды жүзеге асыра береді деп сенеміз. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Қоныстарыңыз құтты болсын», – деді.
Табысталып отырған 380 пәтерлік тұрғын үй кешенінің аумағы 24 мың шаршы метр, қалған үйлер биыл қазан айында тапсырылады.

Айта кетейік, Сыр өңірінде халықты баспанамен және әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Кейінгі төрт жыл ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер табысталуы соның айқын айғағы. 2023 жылдан бері Қызылорда облысына қарасты барлық ауданда шамамен 1800 жаңа пәтер пайдалануға берілді. Ал биыл тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 2400 пәтер беру үшін бюджеттен 55 млрд 600 млн теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар қала сәулетіне сәулет, көркіне көрік қосқан тұрғын үйлер кешені заманауи дизайнмен жеті, тоғыз және он екі қабатты болып салынуда.
Айжан Жұмабекқызы
Қызылорда облысы