
Енді бір айдан кейін Алатау қаласында жаңа өндіріс ошағы ашылады деп күтілуде. Алматы облысында бой көтерген зауытта картоптан жасалатын снек (чипс) өндіріледі. Инвестор – тәтті сусынымен әлемге әйгілі американдық «PepsiCo». Соңғы жылдары ұранын «Тамақ. Сусын. Шат Күлкі» деп өзгерткен алпауыт компанияның Қазақстанға, соның ішінде агроөнеркәсіптегі әлеуеті зор осы өңірге бет бұруын еліміздің инвестициялық тұрғыдан тартымды екендігінің айқын дәлелі екенін айтқан жөн.
Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық экономиканы әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асып жатыр. Бұған сәйкес, 50 мың шаршы метр аумақта замануи технологиямен жабдықталған өндіріс нысаны салынды. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталатын 2028 жылы мұнда 900 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Ал инвестицияның жалпы көлемі 360 млн долларды құрайды.
Жоба облыстағы агросектордың дамуына серпін беретін мультипликативтік (көп салалы) әсерімен де елеулі. Атап айтқанда, компания шикізатпен қамтамасыз ету үшін қазірдің өзінде жергілікті фермерлермен 15 келісім жасап тастады. Бұл диқанның бейнетпен өсірген өнімін лайықты бағамен сатып алатын тұрақты болады деген сөз. Оның үстіне, өндірістің толық қуатына көшкен кезде зауытта жылына 210 мың тонна картоп өңделеді. Демек, снек шығаратын кәсіпорын шикізатқа қажетті көкөністі алыстан тасымайды. Екінші жағынан, осы аумақтағы фермерлерді картоп өсіруге ынталандырып, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге де ықпал етеді. Тағы бір тиімді тұсы — Алатау қаласының өнеркәсіптік әлеуетін еселейді.
Жақын келешекте еліміз ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы аса ірі өндірісі және қаржы орталығына айналатын осы қалаға тағы бір танымал компания келді. Итальяндық «United Hugiene» фирмасы осында «Chicco» маркасымен сәби жөргегі мен ылғал майлық өндірмекші. Нарықта бұйымның осы түрлеріне сұраныстың жоғары екеніндігін мына бір дерек дәлелдей түседі. 250 маман жұмыс істейтін жаңа зауыттағы өндірілген өнімнің тең жартысы Ресей, Грузия, Әзірбайжан және Өзбекстанға экспортқа жөнелтіледі.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев атап өткендей, халықаралық брендтің келуі шетелдік инвесторлардың бұл өңірге деген сенімінің жоғары деңгейін көрсетеді. «Алатау ғаламдық компаниялар өзінің болашағын көргісі келетін өнеркәсіп орталығына айналып келеді», — дейді аймақ басшысы.
Осы арада Алматы облысының инвесторға логистика тұрғысынан оңтайлы да тартымды екенін айтқан абзал. Тұрғындары 2 миллионнан асатын Алматы шаһары тиіп тұр. Алып нарық Қытай — дәл іргеде. Орталық Азия елдері де алыс емес. Батыс Еуропа — Батыс Қытай тас жолы мен Қорғас теміржол өткелі тауарды дер кезінде жеткізуге қолайлы.
Құрылғанына көп уақыт өтпесе де, Алматы облысында тартылған инвестицияның ауқымы қомақты. Соңғы үш жылда оның көлемі 60 пайызға артып, 2,4 трлн теңгеге жетті. Биыл тек агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 44,4 млрд теңгені құрайтын 7 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде осы салаға инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және, ең маңыздысы, бірнеше саланың қатар дамуын қамтамасыз ететін агросектордағы кластер жүйесін жолға қоюға мүмкіндік береді. Айталық, облысқа қарасты Кеген ауданында бірер жыл бұрын ет өнімдерін шығаратын комбинат іске қосылды. Құны 2,5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық осы жоба өңірде жергілікті өнімнің үлесін арттырып қана қоймай, мал шаруашылығын да өрістетеді. Сондай-ақ осы ауданда құрылысы басталған комбинат жылына 2 мың тоннадан астам қой жүнін өңдеп, текемет, сырмақ, көрпе сияқты тұрмыстық бұйымдарды шығарады. Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталған жобаға жұмсалатын инвестиция көлемі 1,2 млрд теңгеден асады. Бұған қоса, тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін зауыт және ірі қараның терісінен былғары бұйымдар тігетін кәсіпорын салу көзделіп отыр. Міне, бір ауданнан келтірілген мысал облыста ірі инвестициялық жобалардың қаламен бірге ауылда да сәтті түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Күні кеше өңірлердегі экономиканың дамуын сипаттайтын статистикалық мәлімет жарияланды. Деректерге жүгінсек, жеке облыс болып құрылған уақыттан бері жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) көлемі бойынша Алматы облысы 10шы орыннан 5-ші орынға көтеріліпті. Бұған дәлел – ЖӨӨ көлемінің 5,4 пайызға өсіп, 6,7 трлн теңгеге жетуі. Көрсеткіш осы өңірге баға бергенде «Әрекеті әлеуетімен үйлескен» дейтін пікірді қуаттай түседі.
Срайыл Смайыл
Суреттер: qonaev-gorod.kz;
Влад Семенов