
Алматыда соңғы жылдары рухани құндылықтар — ұлттық мәдениет пен этномәдени мұраны дәріптеуге бағытталған ауқымды жобалар көбейіп келеді. Қалада ұлттық киім көрсетілімдері, этнофестивальдер, қолөнер жәрмеңкелері, әдеби-мәдени кештер мен этноауыл форматындағы жобалар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Әсіресе музей кеңістігін жаңа форматта дамытуға басымдық беріліп отыр. Биыл Халықаралық музейлер күніне орай өткен «Музей түні – 2026» акциясы соның айқын дәлелі болды. Бір күннің ішінде Алматы музейлер бірлестігіне қарасты музейлерге 28 мыңнан астам адам келіп, мәдени акция қаладағы ең ірі рухани жобалардың біріне айналды. Осы орайда Jas Qazaq тілшісі Алматы қалалық мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиевпен ұлттық мәдениетті насихаттау, музей ісін жаңғырту және жастардың тарихи сана-сезімін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар туралы сұхбаттасты.

— Данияр Абзалиденұлы, бүгінде Алматыда ұлттық мәдениет пен этномәдени мұраны дәріптеу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— Алматы – ұлттық мәдениет пен шығармашылықтың ірі орталығы. Сондықтан біз қазақ халқының салт-дәстүрі мен рухани мұрасын дәріптеуге ерекше көңіл бөлеміз. Қалада рухани құндылықты насихаттайтын жобалар жыл бойы тұрақты ұйымдастырылады. Оның ішінде концерттер, этнофестивальдер, әдеби-мәдени кештер, жастарға арналған танымдық бағдарламалар, музей көрмелері бар.
Сонымен қатар ұлттық киім мен қолөнерді кеңінен танытуға арналған жобаларға басымдық беріліп келеді. Қолөнер жәрмеңкелері, ұлттық киімдер көрсетілімі, этноауыл форматындағы мәдени алаңдар халықтың ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Әсіресе жастар арасында ұлттық киімге деген көзқарас өзгеріп, күнделікті өмірде ұлттық элементтерді қолдану мәдениеті қалыптасып келеді.
Наурыз мейрамы аясында да ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі өнерге арналған кең көлемді бағдарламалар ұсынылады. Бұл тек мерекелік шара емес, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін үлкен мәдени алаңға айналды.
— Биылғы «Музей түні – 2026» акциясының ерекшелігі неде болды?
— «Музей түні» акциясының басты ерекшелігі – музей кеңістігін заманауи форматпен ұштастырылуы. Біз музейді тек экспонат сақтайтын орын ретінде емес, тірі мәдени орта ретінде көрсетуді мақсат еттік.
Акция аясында қаланың сегіз музейінде «Жұлдызды гид», «Музейге сый» жобалары, интеллектуалдық ойындар, шығармашылық кездесулер, музейлік дәрістер мен көрмелер ұйымдастырылды. Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларын қолданған арнайы фотоаймақтар қойылып, келушілер үшін интерактивті бағдарламалар ұсынылды.
Кеш барысында концерттік бағдарламалар да өтті. Оған Kalifarniya, Bayansulu, Жанар Айжанова, Медеу Арынбаев, «Алашұлы», «Алатау серілері» топтары мен басқа да өнерпаздар қатысты. Бұл жобалар ұлттық өнерді жаңа аудиторияға жақындатуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар музейаралық «Тарих ізімен» квест ойыны ұйымдастырылды. Қатысушылар музейлерді аралап, тарихи тапсырмаларды орындады. Мұндай формат жастардың тарихқа қызығушылығын арттыруға оң әсер етеді. Биыл ерекше көрмелер ұсынылды. Соның бірі – Қазақстанның халық артисі Меруерт Өтекешованың 75 жылдығына арналған «Қазақ киносының жауһары – Қыз Жібек» көрмесі. Экспозицияда архивтік құжаттар, фильм костюмдері, театр және опера сахнасында қолданылған реквизиттер қойылды. Бұл көрме ұлттық кино мен театр тарихына қызығушылықты арттырды.
Сонымен қатар Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің 45 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды. Ал «Музейге сый» акциясы аясында музей қорына көптеген құнды жәдігерлер қабылданды. Атап айтқанда, Асанәлі Әшімовтің сахналық костюмі, Бибігүл Төлегенова мен Роза Рымбаеваның сахналық киімдері, Роза Бағланова мен Секен Тұрысбектің домбыралары музей қорына табысталды. Бұл – келер ұрпақ үшін өте маңызды мәдени мұра.
Кеш барысында тарихи тұлғалардың образдары да ұсынылды. Келушілерді Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтбаев, Ермек Серкебаев секілді тарихи тұлғалардың бейнесіндегі кейіпкерлер қарсы алды. Мұндай формат музейге келген адамның тарихпен эмоционалды байланыс орнатуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ археологиялық реконструкция жобасы аясында сақ жауынгерінің бейнесі таныстырылды. Бұл жоба тарихи мұраны жаңа технологиялар арқылы насихаттаудың тиімді тәсілдерінің бірі болды.
— Бүгінде жастардың ұлттық мәдениетке қызығушылығы қандай деңгейде?
— Қазіргі жастардың ұлттық мәдениетке қызығушылығы айтарлықтай артып келеді. Біз оны музейлерге келушілер санынан, мәдени жобаларға қатысушылардың белсенділігінен анық байқаймыз. Бұрын музейге көбіне белгілі бір аудитория ғана келсе, қазір жастар, блогерлер, жас отбасылар, мектеп оқушылары мәдени іс-шараларға тұрақты қатыса бастады.
Бұл жерде ең маңыздысы – ұлттық мәдениетті заманауи форматта ұсына білу. Егер тарихи мұра мен ұлттық өнерді бүгінгі буынға түсінікті тілде жеткізе алсақ, оның әсері әлдеқайда жоғары болады. Сондықтан біз алдағы уақытта да музей, театр, музыка және этномәдени жобаларды жаңа форматта дамыта береміз.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық