Тапқан табысының 10 пайызын зейнетақы қорына аударатын салымшының бүгінде көңілі алаң. Соңғы кезде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) басынан бұлт кетпей қойды. Бәленің бәрі көпшілікке беймәлім жеке компанияның акциясын 5 млрд теңгеге сатып алудан басталды. Қордың «өз есебінен»-міс.
KASE мәліметіне қарағанда, құнды қағазын БЖЗҚ сатып алған «Бозғұл Аурум» 2006 жылы тау-кен және алтын-кен өнеркәсібінде жер қойнауын пайдалану операциясын жүргізу үшін құрылған. Былтырғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында компания ешқандай табыс таппапты. 2015 жылғы табысы да мәз емес. Небәрі 93 мың теңге. Ұлттық банк «Бозғұл Аурумның» әйтеуір тақырға отырмағанын айтып ақталды. Компания жер қойнауын пайдалануға берілетін рұқсат қағазын создырып жатқандықтан, жұмысы жүрмеген көрінеді. Биылдан бастап табысқа кенелмекші. Қысқасы, «тумаған сиырдың уызы» бола жаздады.
Осы мәселеге байланысты күні кеше Мәжіліс депутаты Дәния Есбаева Үкімет басшысы мен Ұлттық банк төрағасына сауал жолдады. «Ақ жол» партиясы сапындағы халық қалаулысы БЖЗҚ-ның ешқандай «өз есебі» болуы мүмкін емес, қордағы қаржы миллиондаған адамның маңдай термен тапқан ақшасы және инвестициялық табыс екенін еске салды. Оның үстіне, зейнетақы салымы ерікті түрде емес, салық іспетті қорға міндетті түрде аударылады. Сондықтан дүйім жұрттың қарттыққа сақтаған ақшасын басқару барынша ашық және мемлекеттің қатаң қадағалауында болуы тиіс.
«Ақ жол» партиясы БЖЗҚ монополиясын жойып, бұрынғыдай бір-бірімен бәсекеге түсетін ірі ойыншыларға қайта оралғанды жөн санайды. Сондай-ақ депутаттар зейнетақы жинағын индустриландыру бағдарламасы шеңберінде ірі трансұлттық корпорациялардың қатысуымен жүзеге асатын индустриалдық жобаларға бағыттауды ұсынды.
Бұған дейін Ұлттық банк БЖЗҚ-ның өзіндік қаржысын басқару тізгінін қолына алатынын айтқан, яғни қадағалауды күшейтпек. Қорда тексеру жүргізілгеннен кейін тұрғындардың зейнетақы салымы «БЖЗҚ» АҚ балансынан бөлек есептеледі. Ұлттық банк қордағы зейнетақы жинағын инвестициялау Ұлттық қордың Басқару кеңесі тарапынан мақұлданған бағыттар бойынша жүзеге асырылатынын мәлімдеді.
Соған сәйкес, 2016 жылы БЖЗҚ-ғы қаржы мынадай бағыттар бойынша инвестицияланған: мемлекеттік құнды қағаздар сатып алынды; сырттағы қаржы нарығында инвестициялау үшін шетел валютасы сатып алынды; шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру мақсатында екінші деңгейлі банктерге депозит салынды; квазимемлекеттік бөліктегі субъектілердің құнды қағаздары сатып алынды.
Айта кету керек, былтырдан бері қордағы зейнетақы жинағына шетел валютасы көбірек сатып алынды. 2016 жылдың басында мұндай инвестиция көлемі 6,1 пайызды құраса, 1 желтоқсанда бұл көрсеткіш 23,1 пайызға жетті. Бірақ қордың бұл бағытта кеш қимылдағаны қынжылтады. Егер 2015 жылғы девальвацияға дейін қордағы қаржының жартысынан көбін шетел валютасында сақтағанда, салымшылардың жинағы ойсырамас еді.
Алдыңғы жылы теңге құнсызданғаннан кейін, 1 миллион теңгеге дейінгі депозитті девальвация деңгейіне индексациялау туралы шешім қабылданғаны белгілі. Неге екенін, зейнетақы қорындағы салымдарды индексациялау жағы қалып қойды. Оның үстіне өткен жылы БЖЗҚ-ға түсетін жарнаны тек мемлекеттік қағазға салу туралы шешім қабылданды. Экономистер мұны бюджеттің жыртығын жамау үшін жасалған қадам деп түсіндіреді. Сондықтан «түсім түгелдей мемлекеттік құнды қағазға салынса, қордың табысқа кенелуі неғайбыл» деген болжам айтылды. Солай болды да. Егер 2015 жылы БЖЗҚ активтерінің табысы 15,65 пайызды құраса, былтырғы қаңтар-қараша айларында табыс 8,15 пайызға дейін төмендеді. Дегенмен мемлекеттік құнды қағазға инвестиция салу үлесі де кеміді. Ұлттық банк теңгелей активке қаржыны азырақ сала бастады. Жыл басынан бері оның үлесі 83 пайыздан 77,7 пайызға дейін азайды.
Жалпы зейнетақы қорындағы қаржыны еселеуге қатысты ұсыныс көп. Ең әуелі бұл салада бәсеке болуы керек. Бәсеке болмаған соң, БЖЗҚ басшылығы өзіне тиімді шешім қабылдайды. Бес миллиард дауы ақыры бұрынғы төраға Руслан Ерденаевті абақтыға апарды.
Осыдан кейін жаңа басшының беделі кіршіксіз болғаны жөн еді. БЖЗҚ директорлар кеңесі (әлде Ұлттық банк басшысы) мұны ескермеді ме, әйтеуір, «БЖЗҚ» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен қорды басқару міндеті Нұрбибі Наурызбаеваға жүктелді. Өз ісін білетін білікті маман шығар. Бірақ осыдан төрт жыл бұрын «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкін шулатып кеткен адамға білдей зейнетақы қорының тізгінін ұстата салғанын жұрт түсіне алмай дал.
Елдің есіне түсірейік, 2013 жылы «Ақ жол» партиясының депутаты Нұрлан Жазылбеков осы банк басшылығына қатысты тексеру жүргізу керектігін мәлімдеді. Оған несиені төмен мөлшерлемемен алу мүмкіндігі туралы ақпаратты халыққа таратпау туралы хатқа банк басшысының қол қойғаны негіз болды. Кейін Нұрбибі ханым бұл хатты жалған деп, оған еш қатысы жоқ екенін жеткізді. Көп ұзамай банк басшысынан бастап бірнеше қызметкердің тұрғын үй кешенінен жеңілдетілген бағдарламамен пәтер алғаны әшкереленді.
«Мен қор беделін қалпына келтіріп, оның қызметін жақсарту, салымшының құрметті демалысқа шыққаннан кейін өзі күткен зейнетақысын алуға мүмкіндік ұсынатын, халықтың сенімін ақтайтын жинақтаушы зейнетақы жүйесін құру жолында жұмыс істеймін» дейді қордың жаңа басшысы.
Сенейік пе, сенбейік пе?
Гүлнар Ахметова