
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Ақтөбедегі Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясында «Заң сөйлейді: жасөспірім және жауапкершілік» тақырыбында прокурор сағаты ұйымдастырылды. Кездесуге 9–11-сынып оқушылары қатысып, заң талаптары, жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттері, құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқылады.
Іс-шараға Ақтөбе қалалық білім бөлімінің әдіскері Данияр Қуанышбаев, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі, «Заң және тәртіп» пилоттық жобасының тәлімгері Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе қалалық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры Сұлтан Молбаев және ҚР ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының тәрбие жұмысы бөлімінің аға инспекторы Бекет Айсұлтан қатысты.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлназ Аймұрзинаның айтуынша, кездесу «Жасөспірім және заң» мектепішілік профилактикалық онкүндігі аясында өткізілді. Оның негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу және құқықбұзушылықтың алдын алу.
«Заңды тек жазалау құралы ретінде емес, әр адамның құқығы мен қауіпсіздігін қорғайтын негізгі құндылық ретінде таныту өте маңызды. Бұл – біздің басты ұстанымымыз», – деді Гүлназ Аймұрзина.
Кездесу барысында Ақтөбе қалалық прокуратурасының прокуроры Сұлтан Молбаев оқушыларға заңның қоғамдағы рөлі, әр азаматтың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ заң алдындағы жауапкершілік туралы түсіндірді.
«Қоғамда әр адам ертеңге деген нық сеніммен өмір сүруді қалайды. Ата-аналарыңыз сіздердің болашақтарыңызға сенімді түрде жоспар жасағысы келеді. Қоғамның әр мүшесінің заң мен тәртіпке бағынуы, міне, осы болашаққа деген сенімге іргетас, негіз болады», – деді прокурор.
Ол жасөспірімдердің де заң алдында жауапкершілігі бар екенін атап өтіп, буллингтің салдары мен одан қорғану жолдарына тоқталды. Прокурордың айтуынша, қысым мен қорлауға тап болған жағдайда үнсіз қалмай, ата-анаға, мектеп психологына немесе сынып жетекшісіне хабарлау қажет. Сондай-ақ полицияға жүгінуге болады.
Жиында мектеп директоры Гүлдария Әбдіғалиева мен басқа да қонақтар сөз сөйлеп, заңды білу және құрметтеу, интернеттегі қауіпсіздік, алаяқтықтан сақтану мәселелерін қозғады.
Кездесу оқушылардың сұрақ-жауап форматындағы әңгімесімен жалғасты. Жасөспірімдер заң талаптарын сақтау және буллингтің алдын алу мәселелеріне қатысты сауалдарын қойып, өздерін толғандырған тақырыптарды талқылады.